Дубай әуежайы тәулік ішінде толығымен іске қосылады
Дубай әуежайы бірнеше күннен бері алапат нөсер салдарынан жұмысын тоқтатқан еді. Халықаралық әуежай 24 сағаттан кейін өз жұмысын қайтадан жандандырмақ.
Al Arabiya телеарнасына берген сұхбатта әуежайдың бас операциялық директоры Маджед әл-Джокер тәулік ішінде нысан терминалдары іске қосылатынын хабарлады.
«Біз әуежайдың жұмыс қуаты бүгінгі күннің соңына дейін 60-70 пайызға, ал алдағы 24 сағат ішінде 100 пайызға дейін қалпына келеді деп күтеміз», – деді Маджед әл-Джокер.
Аптаның сейсенбісінен бастап екпінді жел мен толассыз жауған жаңбырдан Дубай қаласында инфрақұрылымдар зардап шекті. Тосын табиғат құбылысы салдарынан қала метросын, сауда орталықтарын су басты.
Кеше Астана халықаралық әуежайы Fly Dubai және Air Astana авиакомпанияларының рейстер кестесіндегі соңғы өзгерістер туралы ақпарат таратып, онда Fly Dubai авиакомпаниясының FZ1303 және FZ1307 рейстері, FZ1304 және FZ1308 рейстері тоқтатылғанын хабарлады.