Жаңалықтар

Қазгидромет мамыр айына арналған консультативтік ауа райы болжамын ұсынды

су тасқыны
Қазгидромет мамыр айына байланысты ауа арйы болжамын ұсынды/ kursiv.media

Қазгидромет мамыр айында ауа райы тұрақсыз болады деп болжайды. Солтүстік өңірлерде ауа температурасы жоғарылайды. Батыс, оңтүстік, орталық өңірлерде жауын-шашын жиілейді.

«Бір ай бойы ауа райы тұрақсыз болады, жаңбыр жауып, найзағай болады, екпінді жел соғады, кей жерлерде бұршақ түседі. Көп күн бойы жоғары температуралық фон сақталады деп күтілуде: республиканың солтүстік бөлігінде күндіз ауа температурасы +35°C дейін, оңтүстік бөлігінде +40°C дейін ыстық болады», – деді «Қазгидромет» РМК баспасөз хатшысы Алина Исмагулова ОКҚ алаңында өткен брифингте.

Суық толқындардан ауа температурасының төмендеуі күтіледі: солтүстік, шығыс және орталық аймақтарда, сондай-ақ елдің оңтүстік-шығысындағы таулы аудандарда түнде -5 градусқа дейін, күндіз +15°C дейін; батыста және ҚР оңтүстік бөлігінде түнде +5 градусқа дейін, күндіз +26°C дейін құбылады.

«Мамыр айында ауа температурасы республиканың басым бөлігінде нормадан 1-2° жоғары болады деп күтілуде. Мамыр айында жауын-шашын мөлшері еліміздің батысында, оңтүстік, орталық өңірлерінде шамадан тыс көп болады деп болжануда», – деді Қазгидромет баспасөз хатшысы.

Бұған дейін Қазгдиромет сәуір айында республиканың басым бөлігінде жауын-шашын климаттық норма көлемінде болатынын хабарлады. «Ал Қазақстанның солтүстік-батысында нормадан аз болады. Елдің оңтүстік, оңтүстік – шығыс, шығысының таулы аймақтарында керісінше нормадан көп болуы мүмкін» деп болжаған.