Қазақстанда су тасқыны салдарынан қанша адам көз жұмды – ІІМ жауабы

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
Қазақстанда су тасқыны салдарынан 7 адам көз жұмды/Фото: ТЖМ

Қазақстанда су тасқыны салдарынан 7 адам көз жұмды. Бұл туралы Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев мәлімдеді.

ІІМ орынбасарының айтуынша, су тасқынына байланысты адам өліміне әкелген қайғылы оқиға бірнеше өңірде болған.

«Мысалы, Атырау облысында 4 адам, Түркістан облысында кішкентай бала суға батып кетті. Осы оқиғалар бойынша қылмыстық істер тіркеліп, алдын ала тергеу амалдары жүріп жатыр»,- деді Марат Қожаев Сенат кулуарында өткен брифинг барысында.

Осы орайда БАҚ өкілі су тасқыны кезеңі басталған уақытта Абай облысына қарасты Аягөз ауданында тракторда отырған екі адамның да  суға кеткенін еске салды.

«Осы деректер бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдарының нәтижесі бойынша шешім шығарылады»,- деді министр орынбасары.

Осылайша, Ішкі істер министрлігі Қазақстанда табиғи апат салдарынан 7 адамның қаза тапқанын атап өтті.

Айта кетейік, 6 сәуір күні Атырау облысының Жылыой ауданындағы Құлсары қаласында 1974 және 2000 жылғы әкелі-балалы екі адамның із-түссіз жоғалғаны туралы хабар тарады. 14 сәуір күні таңғы сағат 9-да төтеншеліктер 1974 жылғы ер адамның мүрдесін су астынан алып шықты. Одан кейін түскі сағат 13:40-та 24 жастағы ер адамның мәйітін тапты. Ол жоғалып кеткен егде кісінің  ұлы екені анықталды. Екі мүрде де тасқын судың 1,5 метр терең тұсынан табылды. Әкелі-балалы құлсарылықтар өзінің үйінінің маңында көз жұмған.

«Олар су басқан үйіне рұқсатсыз кетіп қалған. Содан бері эвауациялық пунктке оралмаған», – деп хабарлады Атырау облысының төтенше жағдайлар жөніндегі департаменті.  

Іздестіру жұмысына 40 қызметкер, 6 жүзу құралы, 1 техника пайдаланылған.

Сондай-ақ оқыңыз