Сенаторлар Қазақстанға педофилдер мен террористердің кіруіне тыйым салатын заңды Мәжіліске қайтарды

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
Енді елімізге педофилдер кіре алмайды / Фото: kursiv.media

Сенаторлар педофилдер мен террористерге Қазақстанға кіруге тыйым салуды көздейтін заң жобасын Мәжіліске кері қайтарды. Негізгі түзетулер қылмыстық-атқару жүйесі саласындағы өзгерістерге байланысты болмақ.

Сенаттың жалпы отырысында депутаттар «Халықтың көші-қоны және қылмыстық-атқару жүйесі саласындағы заңнаманы жетілдіру туралы» заңын екінші оқылымда қарады. Парламент депутаттарының бастамасымен әзірленген заң халықтың көші-қоны және қылмыстық-атқару жүйесі саласындағы заңнаманы жетілдіруге бағытталған.

Сенатор Советбек Медебаев заңды жетілдіруді көздейтін маңызды өзгерістер мен толықтыруларға тоқталды.

Заң аясында қандай мәселелер қаралды? 

Сенатор Советбек Медебаев заңды талқылау және оны екінші оқылымға дайындау барысында заңды жетілдіруді көздейтін маңызды өзгерістер мен толықтырулар енгізілгенін айтты. Барлық ұсыныс пен ескерту 11 түзетуден тұрады. Олар мынадай:

  • Құқықтық қайшылықты болдырмау үшін Жер кодексіне қоныс аударушыларға конкурстан тыс тәртіппен шаруа немесе фермер қожалығын жүргізу үшін берілетін жер учаскелерінің мерзімдеріне қатысты толықтырулар енгізілді;
  • Бейнебақылау жүйелерін қасақана жойғаны немесе бүлдіргені үшін қылмыстық жауаптылықтың енгізілуіне байланысты Қылмыстық-атқару кодексіне бейнебақылау жүйесі ұғымын енгізу бөлігінде түзетулер енгізілді;
  • Қылмыстық кодекстің 428-1-бабының екінші бөлігі бойынша қылмыстық-атқару жүйесінің, тергеу изоляторларының, уақытша ұстау изоляторларының қызметкерлері өзінің қызметтік жағдайын пайдалана отырып, қылмыс жасаған жағдайда 2 жылдан 5 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі қылмыстық жауаптылық қатаңдатылып, жазаның балама түрлері алып тасталды;
  • «Халықтың көші-қоны туралы» заң талаптарының сақталуын мемлекеттік бақылау туралы дербес тараудың енгізілуіне байланысты заңның жекелеген нормалары Кәсіпкерлік кодексінің және «Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне бизнес жүргізу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңның нормаларына сәйкес келтірілді.

Советбек Медебаев аталған заңда елімізге террористер мен педофилдерді кіргізбеуді көздейтін норма барын атап өтті.

«Қылмыскер, азаматтығын алған елге Қазақстан ратификациялаған, сотталған адамдарды беру туралы халықаралық шарттармен қоса, Қазақстанның Бас прокурорының шет мемлекеттің құзыретті органдарымен және лауазымды адамдарымен өзара келісім қағидаты негізінде қол жеткізген келісімге сүйеніп, өзінің азаматтығы тиесілі мемлекетке беріледі», – деді депутат.

Депутат ауыр немесе аса ауыр қылмыстар жасаған шетелдіктердің Қазақстанға келуiне тыйым салатын негіздер осы заң аясында кеңейтіліп отырғанын айтты.

«Ең басты қамтитын мәселелердің бірі кәмелектке толмаған жастардың жыныстық тиіспеушілігіне қатысты соттталған шетел азаматтары ҚР-ның аумағына келуіне тыйым салынады. Олардың Қазақстан азаматтығын алуға мүмкіншілігі болмайды», -деп түсіндірді депутат Сенат кулуарында.

Дауыс беру нәтижесінде Сенат депутаттары құжатты Парламенттің төменгі палатасына қайтарды.

Айта кетейік, ақпан айында Парламент мәжілісі педофилдер, экстремистер мен террористерге Қазақстан аумағына кіруге тыйым салуды көздейтін заңды екінші оқылымда қабылдап, Сенатқа жолдаған еді. 

Бұдан бөлек, Мәжіліс педофилия үшін өмір бойына бас бостандығынан айыру туралы заң жобасын мақұлдады. Жаңа редакцияда педофилия және кәмелетке толмаған баланы өлтіргені үшін өмір бойына бас бостандығынан айыру қарастырылды. 

Сондай-ақ оқыңыз