Carlsberg Group Алматыдағы жаңа өндіріс орнына 50 миллион доллар инвестиция салмақ

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Carlsberg
Carlsberg Group Алматыда жаңа зауыт салмақ / Фото: shutterstock.com

Даниялық Carlsberg Group Алматыда алкогольсіз өнімдердің жаңа өндірісін бастамақ. Жоба құны – 50 млн доллар. Сыртқы істер министрінің орынбасары Назира Нұрбаева мен «Kazakh invest» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Ержан Елекеев Carlsberg Group басшылығымен кездесуде тараптар инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту мәселесін талқылаған. Бұл туралы Kazakh invest сайтында жазылған.

Carlsberg Grouр 2008 жылдан бері елдегі ең ірі сыра зауыттарының бірі – Carlsberg Kazakhstan компаниясына иелік етеді. Ол 1998 жылы «Ақ Нар» деген атаумен құрылған. Кейіннен Ирбис зауытымен қайта құрылып, «Дербес» деп аталды. Содан соң халықаралық Carlsberg Group құрамына кірді.

Carlsberg Group орталық және Шығыс Еуропа бойынша бірінші вице-президенті Ларс Леманн Алматы қаласында жаңа өндіріс орнын іске қосу Қазақстан нарығын толық қамтамасыз етіп, сондай-ақ Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Арменияға экспорттауға мүмкіндік ашатынын атап өткен.

«Соңғы жылдары «Carlsberg Kazakhstan» ЖШС Қазақстанның ең ірі 50 салық төлеушісінің қатарына тұрақты кірді. Біздің аймақтық хабымыз да осында. Соңғы екі жылда өнім өндіру үшін пайдаланылатын жергілікті шикізат пен материалдардың үлесі 30-дан 65%-ға дейін өсті, болашақта бұл үлесті 80%-ға дейін арттыруды жоспарлап отырмыз», – деді Ларс Леманн.

Топ Қазақстанға инвестиция сала отырып, қазірдің өзінде жергілікті өндірістің ілеспе салаларын дамытуға ықпал ететіні атап өтілді. Орау өнеркәсібінде – бөтелкелер, алюминий банкалар және орауыш пленкалар өндірісі. Агроөнеркәсіптік кешенде – астық пен уыт. Осылайша, бірқатар отандық өндірісте экспорттық нарықтарда Қазақстанды лайықты көрсете алатын технология мен өнім сапасының премиум стандарттарына қол жеткізуге көмектеседі.

Carlsberg Қазақстан Алматыдағы зауытында 500-ден астам және Қазақстан өңірлерінде дистрибьюторлық компаниялардың 2000-нан астам қызметкерді жұмыспен қамтып отыр.

Сондай-ақ оқыңыз