«Қазатомөнеркәсіп» компаниясы акционерлеріне 314,65 млрд теңге дивиденд төлеуге ниетті
«Қазатомөнеркәсіп» Ұлттық атом компаниясы акционерлеріне 2023 жыл үшін 314,65 млрд теңге дивиденд төлеуге ниетті. Бұл қаржы 2022 жылға төленген дивидендтен 56 пайыз артық. Компания 2022 жылы тапқан табысынан 200 млрд теңге төлеген.
Директорлар кеңесі 1 қарапайым акцияға 1 213,19 теңге (бір ЖДҚ бір қарапайым акцияға тең) дивиденд төлеуді ұсынған. Жалпы сомасы 314,65 миллиард теңгені құрауы мүмкін. Осылайша, компанияның дивиденд саясатына сәйкес, ол бос ақша ағынының 75% пайызын құрамақ.
«2023 жылғы аудиттелген қаржылық көрсеткіштердің негізінде директорлар кеңесі 2023 жылға төленетін 1 213,19 теңге сомасында бір қарапайым акцияға (бір ЖДҚ бір қарапайым акцияға тең) дивиденд мөлшерін ұсынды. Осылайша, дивидендтердің жалпы сомасы Компанияның дивидендтік саясатына сәйкес бос ақша ағынының 75% мөлшеріндегі төлем пайызын ескере отырып, шамамен 314,65 миллиард теңгені құрайды», – делінген хабарламада.
Директорлар кеңесінің отырысы 2024 жылдың 18 сәуірінде өткен. Бұл жиында сонымен қатар компания акционерлерінің жылдық жалпы жиналысын өткізу мерзімі мен форматы анықталған.
Директорлар кеңесінің ұсынысын Компания акционерлері мақұлдауы шарт. Акционерлердің жылдық жалпы жиналысы 23 мамырда өтеді. Жиналыс мақұлдаса, 2023 жыл үшін дивиденд төлеуге 2024 жылдың 17 шілдесінен кіріседі.
«Қазатомөнеркәсіп» – 2023 жылы әлемдік уран өндірісінің 20 пайызын қамтамасыз еткен ең ірі уран өндіруші. Топ уранның ең үлкен қорына ие. «Қазатомөнеркәсіп» еншілес, тәуелді және бірлескен ұйымдармен бірге 14 уран өндіруші кәсіпорынға біріктірілген 26 кен орнын игеріп жатыр. Барлық уран өндіруші кәсіпорын Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан.
Қазатомөнеркәсіптің бағалы қағаздары Лондон қор биржасы, Astana International Exchange биржасы және Қазақстан қор биржасында орналастырылған. Топтың негізгі клиенттері – Атом өндіруші қуаттардың операторлары, ал өнім Қытай, Оңтүстік және Шығыс Азия, Солтүстік Америка және Еуропаға экспортталады.
«Қазатомөнеркәсіп» ұлттық компаниясының былтырғы таза пайдасы 580 млрд теңгені құраған. 2022 жылмен салыстырғанда 23 пайыз өсім көрсеткен. 2023 жылғы операциялық кірістің артуына байланысты.
KASE мәліметі бойынша, «Қазатомөнеркәсіп» акцияларының 75%-ы «Самұрық-Қазынаға» тиесілі, 24,34%-ы CITIBANK. атынан номиналды ұстаушыға тиесілі.