Жаңалықтар

Қазақстан ағаш материалдарын әкетуге тыйым салу мерзімін тағы ұзартады

Қазақстан ағаш материалдарын әкетуге тыйым салу мерзімін ұзартады / shutterstock

Қазақстанның Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі ағаш материалдарының жекелеген түрлерін әкетуге тыйым салу мерзімін ұзартуға ниетті.

«Ашық НҚА» жүйесінде министрлік «Ағаш материалдарының жекелеген түрлерін шығаруды реттеудің кейбір мәселелері туралы» жаңа бұйрық жобасын жариялады.

«Қазақстан аумағынан алты ай мерзімге ағаш материалдарының жекелеген түрлерін әкетуге тыйым салу енгізілсін. Алайда бұл тізімге Қазақстаннан шыққан темір жол немесе трамвай жолдарына арналған қылқан жапырақты ағаш шпалдары, ағаш түйіршіктері және бұталары енгізілмейді», – делінген құжатта. 

Яғни темір жолда төсеуге арналған қылқан жапырақты ағаш шпалдары, ағаш түйіршіктері және бұталарынан өзге ағаш материалдарын елден шығаруға 6 мерзімге тыйым салынған.

Жобаға қосымша жарияланған құжатта бұл бұйрықтың отандық ағаш өңдеу өнеркәсібін дамыту және республика аумағынан ағаш материалдарын заңсыз кері экспорттауға жол бермеу үшін әзірленгені жазылған. Бұйрық жобасына негіздемеде құжатты қабылдау теріс әлеуметтік-экономикалық және/немесе құқықтық салдарға әкеп соқпайтыны атап өтілген.

Бұйрықтың жобасы 6 мамырға дейін Ашық НҚА жүйесінде талқылауда болады. 12 маусымнан бастап ресми жарияланып, қолданысқа енуі тиіс.

Өнеркәсіп комитетіне бұйрықтың орындалуын қамтамасыз ету үшін Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетіне және Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметіне хабар беріп отыру тапсырылған. Сондай-ақ, «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы тиісті шараларды қабылдап, ал Сауда және интеграция министрлігі тыйым салу енгізілгені туралы Еуразиялық экономикалық комиссияны хабардар етуі тиіс.

Осы мәселердің барлығын ескере отырып, құжат Қаржы, Сауда және интеграция министрлігімен, Ұлттық қауіпсіздік комитетімен, Ұлттық экономика министрлігімен келісілуі тиіс.

Осыған дейін ағаш материалдарын Қазақстаннан әкетуге тыйым салу 2023 жылғы 10 маусым мен 2023 жылғы 10 желтоқсан аралығындағы кезеңге енгізілген. Содан кейін ол 2023 жылдың 11 желтоқсанынан бастап тағы алты айға ұзартылды.