Қырғызстанда TikTok платформасы ресми түрде бұғатталды

Жарияланды
General News бөлімінің редакторы
Қырғызстанда TikTok платформасы ресми түрде бұғатталды / коллаж kursiv.media

19 сәуірде Қырғызстанның Цифрлық даму министрлігі ел аумағында TikTok платформасының жұмысын ресми түрде тоқтатты.

24kg ақпаратына сүйенсек, елдің Цифрлық даму министрлігі бұл шешімді Қырғызстан Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің өтініш хатынан кейін шығарған.

«Байланыс саласындағы реттеу және қадағалау қызметі байланыс операторларының атына аталған сервиске (TikTok – ред.) қол жеткізуді шектеу жөнінде шаралар қабылдау қажеттігі туралы хат жолдады. Аталған сервис тарапынан «Балалардың денсаулығына зиян келтірудің алдын алу шаралары» және елдегі «Физикалық, интеллектуалдық, психикалық, рухани және адамгершілік даму туралы» заңның 2-1-бабының сақталмаған. Осыған байланысты ведомство шешім шығарды», – деп жауап берген министрлік өкілі.

17 сәуірде Қырғызстан Цифрлық даму министрлігі интернет-провайдерлерге TikTok әлеуметтік желісіне кіруді шектеу туралы хат жіберген. Бұл хат ведомствоға елдің Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінен келіп түскен. ҰҚМК Қырғызстанның TikTok сегментінде «мазмұнды цензуралауға жүйелі және принципті көзқарас жоқ» екендігін, атап айтқанда балалардың желіде қорғалмағанын атап көрсеткен.

Қазақстанда да TikTok желісінің жұмысын шектеу туралы сөз қозғалған. Сенат отырысында депуттар Аманжол Әлтаев пен Әлішер Сатыбалдиев Үкімет басшысына депутаттық сауал жолдап, TikTok желісінің жұмысына шектеу енгізуді сұраған.

Сатыбалдиев TikТok желісіне қатысты Батыс пен көрші елдерде шектеу шаралары енгізілгенін, бірақ Қазақстанның бұл мәселеге салғырт қарап отырғанын мәлімдеді. Күн санап жастардың бұл платформаға деген әуестігі артып келе жатқанын алға тартты. Сенатор желі қолданушылардың 75 пайызы 13-24 жас арасындағы жастар екенін атап өтті. Депутаттың айтуынша, 4-5 жасар балалардың өзі күнделікті 75 минутын осы желіні тамашалаумен өткізеді екен.

TikTok – қысқа бейнелер жасауға және көруге арналған платформа. Компания Бейжіңдегі ByteDance компаниясына тиесілі. Қытайдың өзінде әлеуметтік желі Douyin деп аталады және Қытайдағы қолданыстағы цензура шектеулеріне сәйкес жеке серверлерде жұмыс істейді. 

Сондай-ақ оқыңыз