Тәжікстан су тасқынынан зардап шеккен аймақтардағы Қазақстан халқына бастапқы қажетті заттардан тұратын 3 500 тонна гуманитарлық көмек жіберді.
Ховар басылымының ақпаратына сүйенсек, Қазақстанның бірқатар өңірлеріндегі су тасқынына байланысты 12 сәуірде Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа хабарласып, көмек беру мәселесін талқылаған.
Тәжікстан президенті жаппай су тасқынына байланысты бауырлас Қазақстан халқына қолдау білдіріп, үкіметке азық-түлік және қажетті тауарлар түріндегі гуманитарлық көмекті жөнелтуге шұғыл дайындауды тапсырған.
Елдің Төтенше жағдай және азаматтық қорғаныс комитеті Душанбе мен Худжандтан Қазақстанға 61 вагон мен 13 жүк машинасы жіберілген. Жіберілген гумамнитарлық көмектің жалпы салмағы 3 500 тоннаны құрайды. 20 сәуірде жүк Түркістан облысының Сарыағаш қаласына жеткізіліп, Қазақстанға тапсырылады.
Қырғызстан Қазақстанға 270 тонна гуманитарлық көмек жөнелткен. Қазақстанның су тасқынынан зардап шеккен өңірлерінің тұрғындарына азық-түлік, киім-кешек, матрастар жеткізіледі. Қырғызстан министрлер кабинеті гуманитарлық көмекке 40 миллион сом бөлді.
Осыған дейін Түркия су тасқынына байланысты Қазақстанға көмек көрсетуге дайын екендігін хабарлаған. Елдің Сыртқы істер министрлігі сайтында 7 сәуір күні ауқымды су тасқынына байланысты Қазақстан халқына көңіл айту хаты жария болды. Түркия Қазақстанға кез келген қажетті көмекті көрсетуге дайын екенін атап өткен.
Әзірбайжан Сыртқы істер министрлігі су тасқынының салдарымен бетпе-бет келіп, қаза тапқан қазақстандықтардың туыстарына көңіл айтты. Ведомствоның Х әлеуметтік желісінде пайда болған ақпаратта Әзірбайжан Қазақстандағы су тасқынына алаңдаулы әрі бауырлас елмен бірге қайғырып жатқаны жазылған.
Ұлыбритания да Қазақстанға су тасқынына қарсы күресте көмектесуге дайын. Бұл туралы британдық СІМ басшысының орынбасары Нусрат Гани Х (бұрынғы Twitter) желісіндегі парақшасында жазған.