Қолданбалы экономикалық зерттеулер орталығының (AERC) сарапшылары 19-21 сәуір аралығында Brent маркалы мұнай бағасы барреліне 91,5-94,2 долларға дейін қымбаттайды деп есептейді. Бұған Израильдің Иран, Сирия мен Иракқа жасаған соққысы ықпал етеді.
Таяу Шығыстың тыныштығы тағы бұзылды
«Әлемдік мұнай нарығына әртүрлі болжам жасауда қиындық тудыратын факторлар әсер етіп жатыр. Сұраныс пен ұсыныстың өзгеруі, ірі мұнай өндірушілердің стратегиялық шешімдері және халықаралық аренадағы саяси жағдай бағаға ықпал етеді. Болжам бойынша 19 сәуір мен 21 сәуір аралығында Brent бағасы барреліне 91,5 доллардан 94,2 долларға дейін өседі», – деп жазылған AERC болжамында.
Сарапшылар шикізат бағасына қысым жасап, құбылтып тұрған факторларды атады
Ресей экспортының артуы, Иран мен Израиль арасындағы қақтығыс пен мұнайға сұраныстың төмендеуі. Қолданбалы экономикалық зерттеулер орталығы сарапшылары осы факторларға ерекше назар аударды.
Мамандар пайымынша, 14 сәуірде мұнай бағасы Ресейден теңіз арқылы мұнай экспортының тәулігіне 3,95 баррельге (7 сәуірдегіден 560 мың баррельге көп және рекордтық көрсеткіш) артуы аясында құбыла түскенін атап өтті. Сондай-ақ бұған Таяу Шығыстағы қақтығыс та әсер етуде.
Осы жылдың наурыз айында Bloomberg маңызды жағдайды атап өтті. Атап айтқанда, Ресей мұнайының теңіз арқылы экспорты артты. 2024 жылдың наурыз айында Ресейден теңіз арқылы «қара алтын» экспорты 2023 жылдың наурызымен салыстырғанда 5%-ға өсіп, тәулігіне 3,8 миллион баррельді құрады. Содан кейін сарапшылар бұл өсімді Ресейдің Украина ұшқышсыз дрондарының соққысынан мұнай өңдеу зауыттарындағы апаттар салдарынан өз қуатының бір бөлігінің тоқтап қалуы аясында теңіз арқылы мұнай экспортын арттыруға мәжбүр болуымен байланыстырды.
«Бұл ретте Ресей ОПЕК+ бастамасы аясында шикі мұнай экспортын тәулігіне 121 мың баррельге қысқартуға уәде берді. Оның ішінде сәуір айында өткен жылдың мамыр-маусым айларындағы орташа деңгейден азайту жоспарланған», – деп жазылған болжамда.
Таяу Шығыстағы қақтығыс әлем назарында
Иран мен Израиль арасындағы қақтығыс шиеленісіп, алдағы уақытта Иран әскери жауап қайтарса, мұнай бағасының күрт өсуіне әкелуі мүмкін.
Алайда дамыған елдердегі экономикалық көрсеткіштертің нашарлауына байланысты әлемдік мұнай тұтыну көрсеткіші төмендейді.
Халықаралық энергетика агенттігінің 2024 жылға арналған сұранысқа негізделген болжамына сәйкес, көрсеткіш тәулігіне 130 мың баррельге құлдырады. Сонымен бірге АҚШ-тың энергетикалық ақпарат басқармасы (EIA) жаһандық экономиканың біртіндеп қалпына келуіне қарай тұтыну көлемі артады деп болжады.
Еске сала кетсек, 18 сәуір кешке Израиль өз зымырандарымен Ирандағы Исфахан қаласының әуежайы маңын нысанаға алып соққы жасады.
ABC News ақпаратына сүйенсек, АҚШ-тың ресми өкілі Иран Сириядағы Иран елшілігіне жасалған шабуылға жауап ретінде Израильге ұшқышсыз зымырандар атқаннан кейін Израиль жауап қайтарған.