2050 жылға қарай Қазақстанда мұнай өндіру көлемі төмендейді - Halyk Finance 

Жарияланды
ОПЕК
Мұнай қорын геологиялық барлауға салынған инвестиция 25%-ға азайған / Фото: shutterstock

2050 жылға қарай Қазақстанда мұнай өндіру көлемі төмендеуі ықтимал. Өйткені ашылған кен орындарындағы мұнай қоры сарқылып барады. Ал жаңа кен орындарын геологиялық барлауға бағытталған инвестиция аз. Мәселен, 2020-2022 жылдары қазақстандық компаниялардың геологиялық барлауға салған инвестициясы 2017-2019 жылмен салыстырғанда 25%-ға азайған.

Жалпы Қазақстандағы кен орындары 100 жылдан астам уақыттан бері игеріліп келеді

Нәтижесінде көмірсутек қоры айтарлықтай азайып, оларды өндірудің өзіндік құны артты. Бұған қоса жер қойнауындағы шикізат қиын өндірілетіндер санатына енді. Осы ретте сарапшылар кен орындарын игеруге қатысты түйткілдерді екіге жіктейді: геологиялық емес (салық және басқару) және геологиялық (геологиялық барлау және т.б.).

Halyk Finance талдау орталығының сарапшысы Гүлмира Камеденова бұл мәселелерді шешуде Канада мен Қытай тәжірибесіне сүйенуді ұсынады. 

«Қазақстанда бұл мәселелерді шешу үшін әртүрлі өндіруші елдердің, соның ішінде Канада мен Қытайдың тәжірибесі пайдалы болуы мүмкін», – деп жазады сарапшы. 

2024 жылдың сәуір айында Halyk Finance 2023 жылғы Мұнай секторына шолуын жариялаған болатын. Онда «қара алтын» жобаларының жоғары құны және өндірудің біртіндеп төмендеуі Қазақстан Республикасы мұнай секторының негізгі проблемаларының бірі екені айтылған.

Инвестиция көлемі төмендеді

Бұл республиканың мұнай өнеркәсібіне салынған инвестиция көлемінің төмендеуіне алып келеді. Сонымен қатар S&P Global ұзақ мерзімді перспективада Қазақстандағы бұрыннан жұмыс істеп тұрған кен орындарындағы өндіріс төмендейді деп болжады.

KAZENERGY қауымдастығының 2023 жылға арналған Ұлттық энергетикалық есебінде (NER) 2050 жылға дейінгі мұнай өндірудің болжамдарға негізделген есебін жариялады. Онда өткен ғасырдың 70-80-жылдарынан бері қорларының негізгі бөлігі игерілген Батыс Қазақстандағы кен орындары туралы жазылған.

«2050 жылға қарай бұл кен орындарындағы шикізат өндіру көлемі төмендей бастайды. 2022 жылғы 27 миллион тоннамен салыстырғанда 2050 жылы 10,5 миллион тоннаны құрайды», – деп еске салды сарапшы.

Бұрынан игеріліп келе жатқан кен орындарының мәселелерін талдай отырып, маман бірнеше мәселені атап өтті.

«2017-2019 жылдармен салыстырғанда 2020-2022 жылдар кезеңінде қазақстандық жер қойнауын пайдаланушылардың геологиялық барлауға инвестициялары 25%-ға қысқарды. Бұрынан игеріліп келе жатқан кен орындарының инвестициялық тартымдылығы төмен», – деп атап өтті талдау орталығының өкілі.

Шығын көп, нәтиже аз

Бұл ретте барлау және өндіру шығындарының салыстырмалы талдауына негізделген S&P Global рейтингі бойынша Қазақстан 2023 жылы 8 елдің арасында 7-ші орынға ие болды.

Геологиялық себептердің ішінде мұнай өндіру коэффициентінің төмен болуына ерекше назар аударған жөн. Мәселен, Қазақстанда орташа мұнай өндіру коэффициенті шамамен 30-35%-ды құрайды. Ал АҚШ-та бұл коэффициент 50-55%-ға тең. Яғни онда ашылған қорлардың шамамен жартысын игеруге болады.

Үкімет «ҚазМұнайГаз» АҚ-мен бірлесіп, мәселені шешу үшін шетелдік мамандарды тартуда. Өйткені ескі кен орындары бүгінде игеруге тиімдірек көзқарасты талап етеді

«Геологиялық ақпаратты толықтыру мақсатында «ҚазМұнайГаз» АҚ 2023 жылға арналған стратегиялық жоспар әзірледі. Оның аясында Маңғыстау және Ақтөбе облыстарында 2D сейсмикалық барлау жұмыстарын жүргізуді жоспарлаған болатын. Стратегияға сәйкес, қосымша шикізат көздерін іздеу және игерудің соңғы кезеңдеріндегі кен орындарының қызмет ету мерзімін ұзарту үшін бес кен орнында 3D сейсмикалық барлау жұмыстарын жүргізу жоспарланған», – деп атап өтті сарапшы.

Мұнай өндіру коэффициентін арттыру тұрғысынан Канада, Қытай, Венесуэла және Ресей сияқты елдердің тәжірибесіне назар аударуды ұсынды.

Еске сала кетсек, мұнай-газ сарапшысы Абзал Нарымбетов Қазақстан жылдар бойы 100 млн тонна шикізат өндіру жоспарын жүзеге асыра алмай келе жатқанын айтқан. Оның пікірінше, жаңа кен орындары табылмаса, 2030 жылға қарай Қазақстанда мұнай өндіру көлемі құлдырайды.

Сондай-ақ оқыңыз