Депутаттар мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінде сақталатын әкімшілік деректер сапасын айқындайтын уәкілетті орган ретінде Ұлттық статистика бюросын тану туралы заң жобасын талқылады.
Заң жобасы мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінде сақталатын деректердің сапасын арттыру бойынша бірыңғай тиімді саясатты және деректерді бірнеше рет пайдалануды қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін жүйені қалыптастыруды көздейді.
«Бұл заң жобасы статистикалық деректерді реттеуге көмектеседі. Деректерді сақтау, қорғау функциясы ЦДИАӨМ-нен алынбайды. Тек деректердің сапасын айқындау мәселесіне Ұлттық бюро статистикасы жауап беретін болады. Өйткені мемлекеттік маңызы бар шешімдер қабылдау үшін деректердің сенімді әрі қатесіз болғаны керек», – деді депутат Екатерина Смышляева.
Ұлттық статистика бюросының басшысы Мақсат Тұрлыбаевтың айтуынша, әкімшілік деректердің сапасын айқындайтын уәкілетті органның лауазымды адамдары әкімшілік дереккөздерге қатысты мемлекеттік бақылауды жүргізу кезінде бұл жұмыстарға мемлекеттік статистика саласындағы мемлекеттік монополия субъектісінің ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласындағы мамандарын, сондай-ақ мемлекеттік органдардың, ведомстволық бағынысты ұйымдардың өзге де мамандарын, консультантары мен сарапшыларын тартады.
«Дата-бақылаушылардың жұмыс моделі Бюроның үйлестіруімен орталықтандырылған түрде жүзеге асырылады. Деректерді басқару талаптары, атап айтқанда, деректер сапасын бағалау критерийлері және аудит жүргізу тетігін Бюро ЦДИАӨМ-мен бірлесіп заң жобасына енгізілетін өзгерістерге сәйкес әзірлейді»,– дейді Тұрлыбаев.
Бұл заң жобасы шеңберінде әртүрлі ведомстволардың мемлекеттік дерекқорларында деректердің қайталануы мәселесі шешіліп, мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылдың көптеген әкімшілік рәсімдері алынып тасталмақ. Бюро басшысының айтуынша, бұл мемлекеттік аппаратты бюрократиядан арылтуға негіз болады.
Сонымен бірге бұл жоба барысында әртүрлі ведомстволардың мемлекеттік дерекқорларында деректердің қайталануы мәселесі шешілмек. Сондай-ақ мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылдың көптеген әкімшілік рәсімді алынып тасталады. Бұл мемлекеттік аппаратты бюрократиядан арылтуға жол ашуы тиіс.
Өз кезегінде ЦДИАӨМ вице-министрі Асқар Жамбакин мемлекеттік органдардың үлкен деректер қорын жинақтағанын, министрліктің 93 дерекқор интеграциясын жасағанын айтты.
«Осыған орай деректер қорын дұрыс пайдалана білу керек. Деректер – жасанды интеллект үшін негізгі ресурс болып саналады. Мәліметтер сапасының төмен болуы цифрландырудың әсерін төмендетеді, осыны ескере отырып деректерді басқару тәсілдерін жүйелі негізде жетілдіру маңызды»,- деді Жамбакин.