Қазақстан Қытай және Ресей компанияларымен бірлесіп, 7,7 млрд долларға газ-химия кешенін салады
«ҚазМұнайГаз» SINOPEC және СИБУР компанияларымен бірлесіп, құны 7,7 млрд долларды құрайтын газ-химия кешенін салады. Бұл жайлы премьер-министрі Олжас Бектеновтың аталмыш компаниялардың басшыларымен кездесуі барысында айтылды.
Үкімет басшысы әлемнің ірі мұнай-химия компанияларының басшылары – SINOPEC Қытай мұнай-химия корпорациясының президенті Джао Донгпен және «СИБУР» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басқарма төрағасы Михаил Карисаловпен кездескен.
Кездесу барысында қуаттылығы жылына 1,25 млн тоннаны, ал жалпы құны шамамен $7,7 млрд-ты құрайтын полиэтилен өндіру бойынша алғашқы интеграцияланған газ-химия кешенін бірлесіп салу мәселесі талқыланған. Бұл кешен полиэтилен өндіру бойынша әлемдік қуаттың 1%-ын өндіретін болады.
Салынатын зауыт үлесі үш компанияға тиесілі болады. Онда «ҚазМұнайГаз үлесі» – 40%, SINOPEC үлесі – 30%, СИБУР үлесі– 30% құрайды. Кездесу барысында Sinopec-тің жоба қатысушыларының құрамына кіруін ресми түрде аяқтайтын үшжақты хаттамаға қол қойылған.
Үкімет басшысы өз кезегінде жоғары деңгейде өнім өңдеуге бағытталған жобаның маңыздылығын ерекше атап өтті. Айтуынша бұл кешенде өңделген шикізат құны 20 есеге артады. Қосылған құнның бұлайша артуы елдің экономикалық өсіміне де айтарлықтай үлес қоспақ.
«Мемлекет басшысы көмірсутектерді терең өңдеуді мұнай-газ саласын дамытудың негізгі бағыттарының бірі ретінде белгіледі. Экономикамыздың басты басымдығының бірі – жоғары деңгейде өңдеу өндірісі есебінен экспортқа бағдарланған технологиялық тізбекте қосылған құн өсімімен өнім шығару. Бастапқы шикізат – этан мен үшінші сатыдағы қайта өңделген өнім – полиэтилен арасындағы қосылған құн 20 есеге артып, тоннасына 80-90 доллардан 1600-1800 долларға дейін артады. «Полиэтилен» жобасы өңдеу өнеркәсібінің де, жалпы ел экономикасының да дамуына елеулі серпін беретіні сөзсіз. Сарапшылардың есептеулері бойынша, жобаны іске асырудан 2030 жылға қарай елдің ЖІӨ-ге қосатын үлесі шамамен 1,2%-ға бағаланады»,– деді Бектенов.
Зауыт қашан салынады?
Зауыт құрылысын 2029 жылға дейін аяқтау жоспарланып отыр. Кешеннің құрылысы кезеңінде 8 мыңнан астам жұмыс орны ал пайдалану кезеңінде 850-ге жуық жұмыс орны ашылады деп кұтілуде.
Кешен құрылысы барысында «Полиэтилен» жобасын негізгі шикізат – этанмен қамтамасыз ету үшін Теңіз кен орнында газ бөлу кешені (ГБК) салынады. ГБК қуаттылығы жылына 9,1 млрд м3 құрғақ газ өңдеп, оның ішінде жылына 1,6 млн тонна этан өндіретін болады. Бұл кен орнында өндірілген этан магистральдық құбыр арқылы Теңізден «Карабатан» алаңына – Атырау облысындағы «ҰИМТ» АЭА аумағына жіберіледі.
Бектенов жобаның үкімет қолдауымен жүзеге асырылатынын айтты. Зауыт тиісті инфрақұрылыммен және арнайы салық режимімен қамтамасыз етіле отырып, арнайы экономикалық аймақ аумақта салынады. Осыған байланысты Бектенов жобаға қатысушылардан барынша жергілікті әлеуетті пайдалануды ұсынды. Жергілікті кадрларды жобадағы басшылық лауазымдарға тарту мәселесін де назардан тыс қалдырмады.
«Біз мемлекет тарапынан ел экономикасы үшін маңызды жобаларды іске асыруда жан-жақты қолдау көрсетеміз. Сонымен қатар сіздер де жергілікті қамту көлемін арттырады деп күтеміз. Ол үшін отандық өндірушілерден міндетті түрде сатып алынатын тауарлар мен жабдықтардың тізімін анықтау қажет. Біз қазақстандық мамандарды оқытуға және құзыреттер беруге ерекше көңіл бөлуіміз керек. Біз үшін жергілікті кадрларды, оның ішінде жобадағы басшылық лауазымдарға барынша тарту маңызды. Біз басқа бірлескен жобаларды іске асыру кезінде де сіздердің тараптарыңыздан осындай шаралар жүзеге асырылады деп сенеміз»,– деді үкімет басшысы.
Полиэтилен мен полимерден не өндіріледі?
Зауыт жылына 1,25 млн тонна өнім өндіруді көздеп отырғаны жайлы айтты. Бұл өнім америкалық лицензияланған Chevron Phillips және Univation технологияларын қолдана отырып шығарылмақ. Зауыт осы технологиялар арқылы 22-ге жуық полиэтилен маркасын шығаруды жоспарлап отыр. Оның 40%-ы премиум кластағы өнім болады. Сондай-ақ зауыт өнеркәсіптік және тұрмыстық мақсатта қолданылатын полиэтиленді әлемде ең көп сұранысқа ие полимерге айналдырады.
Бүгінгі таңда полиэтилен медицина, протездеу, қорғаныс, тамақ өнеркәсібі, құрылыс, ғарыш индустриясы және басқа да салаларда қолданылады.
Ал полимерден тауарлардың кең желісін өндіруге мүмкіндік бар. Одан пластикалық тозуға төзімді құбырлар, құрылыс материалдары, дәрі-дәрмек, шприцтер, протездер, ғарышкерлерге арналған сауыт-саймандар мен киім, автомобиль бөлшектері дайындалады. Зауыт өнімін еліміз ТМД елдері, Қытай, Түркия және Еуропа елдеріне шығаруды жоспарлап отыр. Сонымен бірге өнім өз елімізде де пайдаланылады. Бұл ретте ішкі тұтыну үшін өткізу бағасы импорттық бағадан төмен болмақ.
Сонымен «Полиэтилен» зауытынан бөлек газ бөлу кешені мен магистралдық құбыр салу үкімет жоспарында бар.
Еске сала кетсек, «ҚазМұнайГаз», «СИБУР» және Sinopec Қазақстанда полиэтилен өндіретін зауыт салатыны жайлы хабарланды.
Жобада «ҚазМұнайГаз» серіктесі болуға ниетті Sinopec — әлем бойынша BASF компаниясынан кейінгі ірі химиялық компания. Ол вертикалды интеграцияланған энергетика және мұнай химия корпорациясы. Компаниялардың жылдық кірісі негізінде жасалатын Fortune Global 500 рейтингінде 2023 жылы Sinopec алтыншы орынға ие болды.
Ал ресейлік «СИБУР Холдинг» — полимерлер мен резеңке өндіретін ірі мұнай-газ химия холдингі.