Жаңалықтар

Қазақстан мен Қырғызстан президенттері екі ел арасындағы тауар айналымын 2 млрд долларға жеткізуге келісті

Қырғызстан президенті «Достық» орденімен марапатталды / Фото: Ақорда

Қазақстан мен Қырғызстан Одақтастық қатынастарды нығайту және кеңейту туралы тарихи келісімге қол қойды. Бұл жайлы Ақордада Қырғызстан президенті Садыр Жапаровпен кездесу барысында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.

Қырғызстан президенті Садыр Жапаровпен шағын құрамда келіссөз жүргізген мемлекет басшысы қазақ пен қырғыз халқы бауырлас ел екенін және стратегиялық серіктес екенін атап өтті.

«Бүгін біз Одақтастық қатынастарды нығайту және кеңейту туралы тарихи келісімге қол қоямыз. Осы маңызды құжат қазақ-қырғыз байланыстарының дамуына тың серпін беретініне сенімдімін. Ел аузында «Қырғыз бен қазақтай бір-біріне жақын халық жоқ» деген сөз бар. Бұл – дұрыс айтылған тұжырым», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен бірге мемлекет басшысы Қазақстанның бұрын-соңды болмаған су тасқынымен күресіп жатқанын атап өтіп, осындай қиын-қыстау кезде гуманитарлық көмек көрсеткені үшін Қырғызстан президентіне және барша қырғыз халқына алғысын жеткізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ-қырғыз қатынастарының қарқынды дамып келе жатқанын, екі ел арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық артқанын айтты.

«Екіжақты сауда-экономикалық ынтымақтастық жылдан-жылға нығайып келеді. Былтыр өзара тауар айналымы 1,5 миллиард долларға жетті, яғни 26 пайызға өсті. Алдағы мақсатымыз алыс-беріс көлемін 2 миллиард долларға жеткізу. Сонымен қатар осы бағытта болашағы зор бірқатар жоба қолға алынды. Жалпы, сауда-экономикалық саладағы уағдаластықтар орындалып жатыр», – деді Мемлекет басшысы.

Сонымен бірге мемлекет басшысы Садыр Жапаровты І дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады. Тоқаев қырғыз-қазақ халқының ежелден еншісі бір, тамырлас туыс екенін, әрі сенімді стратегиялық серіктесі саналатынын айтты.

«Қос халықтың бауырластығы – өзара тиімді қарым-қатынастың алтын арқауы. Бұл іске Сіз зор үлес қосып келесіз. Мен оны жоғары бағалаймын. Сіз халықтарымыз арасындағы өзара тиімді байланыстарды нығайтуға зор еңбек сіңірдіңіз. Мен осыны ескере отырып, Сізді І дәрежелі «Достық» орденімен марапаттау туралы шешім қабылдадым», – деді президент.

Өз кезегінде Қырғыз елінің президенті Қазақстанның ең жақын көрші ел екенін әрі сыртқы саясатта ерекше артықшылықтарға ие болған бауырлас мемлекет екенін айтап өтті. Сонымен бірге Қазақстанның негізгі сауда серіктесі екенін, екі ел арасында ешқандай саяси, аймақтық қайшылық жоқ екенін жеткізді.

«Мемлекет басшысы лауазымына келгелі бері қырғыз-қазақ қарым-қатынасы болсын, халықаралық құрылымдарда болсын, маған қолдау көрсетіп келесіз. Біз бауырлас қазақ халқына су тасқыны салдарынан туындаған қиын кезде қолдан келген көмекті беруге дайынбыз. Екі елді ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан достық, бауырластық, тату көршілік байланыстар, сондай-ақ ортақ мәдени, рухани және діни құндылықтар біріктіреді. Өзара ынтымақтастығымыз бен стратегиялық серіктестігіміздің одан әрі нығая беретініне сенімдімін», – деді Садыр Жапаров.

Келіссөз барысында тараптар саяси, көлік-транзиттік, энергетикалық салалардағы өзара ықпалдастықты нығайту мәселелерін талқылады.

Айта кетейік, 17 сәуірде Қазақстан мен Қырғызстан кәсіпкерлері 300 миллион долларды құрайтын құжаттарға қол қойды. Бұл құжаттар негізінде күн электр станцияларын, ферроқорытпа зауытын, Қырғыз Республикасының аумағында тарату орталығын салу, ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізу туралы және тағы басқа салалардағы жобаларды іске асыру көзделген.