Су тасқынынан зардап шеккен кәсіпкерлердің шығыны қалай өтеледі?

Жарияланды
өтемақы төлеу
Өтемақы төлеу туралы шешімді өңірлік комиссия және Қор комиссиялары қабылдайды / Фото: kursiv.media

Ұлттық экономика министрлігі 2024 жылғы су тасқыны салдарынан шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне келтірілген мүліктік шығынға өтемақы төлеу қағидаларын әзірледі. Бұл жайлы «Ашық НҚА» порталына орналастырылған ҰЭМ бұйрығында жазылған.

«2024 жылғы су тасқыны салдарынан шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне келтірілген мүліктік шығынға өтемақы төлеу қағидалары Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 25 сәуірдегі № 325 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Үкіметінің және жергілікті атқарушы органдардың резервтерін пайдалану қағидаларының 24-5-тармағына сәйкес әзірленді және 2024 жылғы су тасқыны салдарынан шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне келтірілген мүліктік шығынға өтемақы төлеу тәртібін айқындайды»,- делінген құжатта.

Сонымен бірге құжатта бұл қағидалардың күші 2024 жылғы су тасқыны салдарынан зардап шеккен агроөнеркәсіптік кешеннің кәсіпкерлік субъектілерінің мүліктік шығынын өтеуге қолданылмайтыны жазылған.

Өтемақы төлеу шарттары

Мүліктік шығынға өтемақы төлеу Қазақстан Республикасының сақтандыру және сақтандыру қызметі туралы заңнамасында көзделген тәртіппен сақтандырылған мүлікті қоспағанда, шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне тиесілі жойылған мүліктің құнын немесе бүлінген мүлікті қалпына келтіру жұмыстарының құнын өтеу жолымен жүргізіледі.

Әзірленген қағидаға сәйкес, жойылған тауарлық-материалдық құндылықтарды өтеу көтерме бағамен өнім берушінің сатып алу бағасы бойынша жүргізіледі.

Шығынға ұшыраған мүлікті бағалау үшін арнайы облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органының шешімімен өңірлік комиссия құрылады. Сонымен бірге бюджеттен тыс қорлардың шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің өтінімдерін қарау жөніндегі комиссия қосымша жұмыс істемек. Солайша шығын көлемін есептеу осы екі комиссияның құзыретінде болады.

Өтініш беру

Жойылған мүліктің құнын немесе бүлінген мүлікті қалпына келтіру жұмыстарының құнын өтеу үшін мүлік иесі Өңірлік комиссияға және Қор комиссиясына электрондық платформа арқылы электрондық цифрлық қолтаңбамен куәландырылған 2024 жылғы су тасқыны салдарынан шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне келтірілген мүліктік шығынды өтеу туралы өтініш береді.

Құжат түсіндірмесінде комиссия қарауына ұсыну үшін кәсіпкерлер меншiк құқығы немесе мүлiкке өзге де заттай құқығын растайтын құжат ұсынуы керектігі жазылған.

«Мүлік иесінің жүгінуі мүмкін болмаған жағдайда, өтемақы туралы өтінішпен Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес сенімхат негізінде әрекет ететін адамдар жүгіне алады. Бұдан кейін мүлік иесі не оның өкілі өтемақы туралы өтініште көрсетілген мәліметтердің және қоса берілген барлық құжаттардың дұрыстығын растауы керек»,- делінген құжатта.

Өңірлік комиссия және Қор комиссиясы өтемақы туралы өтінішті түскен күнінен бастап 5 жұмыс күні ішінде қарайды.

Ал жойылған мүліктің құны немесе бүлінген мүлікті қалпына келтіру жұмыстарының құны мүлік иесіне бюджет заңнамасына сәйкес, мемлекеттік бюджеттен немесе жеке қорлар қаражатынан беріледі.

Егер комиссия мүліктік шығындарды өтеуден бас тарту туралы шешім қабылдаған 5 жұмыс күні ішінде өтініш берушіге бас тарту себептерін көрсете отырып, жазбаша хабарлама жіберуі керек.

«Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі және 2024 жылғы 1 наурыздан бастап туындаған құқықтық қатынастарға қолданылады және 2024 жылғы 30 қарашаны қоса алғанда қолданылады»,- делінген құжатта.

Еске сала кетсек, Үкімет табиғи сипаттағы төтенше жағдайлар салдарынан зардап шеккендерге келтірілген зиянды өтеу қағидаларын бекітті. Оған сәйкес, шығынға ұшыраған азаматтар ТЖ туындаған күннен бастап күнтізбелік 30 күн ішінде жергілікті атқарушы органға яғни әкімдікке материалдық залалды өтеу туралы өтініш беруі керек. Материалдық залалды өтеу туралы өтініш әкімдікке құжаттар келіп түскен күннен бастап 15 жұмыс күні ішінде қаралады.

Сондай-ақ оқыңыз