Өзбекстан Қазақстандағы су тасқынынан зардап шеккен халыққа гуманитарлық көмек жөнелтті. Бұл жайлы Өзбекстар премьер-министрі Абдулла Әріповтің баспасөз қызметі хабарлады.
Гуманитарлық көмек президент Шавкат Мирзиеевтің тапсырмасы бойынша жіберілген. Министрлер Кабинетінің бұйрығы негізінде 15 жүк көлігінен тұратын гуманитарлық жүк жасақталып, жүкті жеткізу бойынша ұйымдастыру мәселелері айқындалған.
Гуманитарлық көмек жүктерін Қазақстанға Өзбекстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Тұрсынхан Құдайбергенов бастаған жұмыс тобы жеткізеді.
15 ірі жүк көлігімен азық-түлік, әйелдер, балалар және ерлер сыртқы киімдері, көрпе, жастық, гигиеналық құралдар, арнайы жабдықтары бар шатырлар, резеңке қайық жинақтары және басқа да қажетті тауарлар жіберілген.
Қазақстанға басқа қандай елдер қол ұшын созды?
Еске сала кетсек, жұма 19 сәуір күні Тәжікстан су тасқынынан зардап шеккен Қазақстан халқына 3 500 тонна гуманитарлық көмек жіберді. Тәжікстан басылымдары 12 сәуірде Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа хабарласып, көмек беру мәселесін талқылағаны туралы жазды. Содан кейін ел президенті тапсырма беріп, Тәжікстанның Төтенше жағдай және азаматтық қорғаныс комитеті Душанбе мен Худжандтан Қазақстанға 61 вагон мен 13 жүк машинасымен көмек жіберген.
Мұның алдында Қырғызстан Қазақстанға 270 тонна гуманитарлық көмек жөнелткен болатын. Қазақстанның су тасқынынан зардап шеккен өңірлерінің тұрғындарына азық-түлік, киім-кешек, матрастар жеткізілді.
Гуманитарлық көмек жіберілетіні жөнінде 4 сәуір күні Жогорку Кенеш отырысында министрлер кабинетінің төрағасы Ақылбек Жапаров мәлімдеді.
Ол Бішкек жылу электр орталығында болған апаттан кейін, Қазақстан Республикасы Қырғыз Республикасына көмек қолын созғанын айтқан.
«Олар бізден көмек сұрамаса да, бұл жағдайда біз оларға гуманитарлық көмек жібереміз деп шештік. Мен осы сәтті пайдаланып Өзбекстанға, Түркіменстанға және Қазақстанға алғысымды білдіремін. Президенттің көрші елдермен жүргізіп отырған достастық саясатының нәтижесінде олар біз сұрамай тұрып-ақ көмек қолын созды», – деді Ақылбек Жапаров.