Су тасқынына байланысты 9 мыңға жуық отбасына 3,2 млрд теңгеге бір реттік көмек берілген
Су тасқынынан кейін 8,8 мыңнан астам қазақстандық отбасы мемлекеттік қолдау алған. Бұл жайлы Үкімет үйінің баспасөз қызметі хабарлады.
Осы жылдың 20 сәуіріндегі жағдай бойынша 8 814 отбасы жалпы сомасы шамамен 3,2 млрд теңге болатын 100 АЕК көлеміндегі біржолғы төлем алған. Ал 2 мыңнан астам отбасыға келтірілген материалдық шығын үшін 1 млрд теңгеге жуық өтемақы берілген.
«Мал шығыны үшін берілген өтемақының жалпы сомасы 89 млн теңгеге жетті»,- делінген баспасөз хабарламасында.
Үкімет үйінің хабарлауынша, Атырау, Батыс Қазақстан, Қостанай, Солтүстік Қазақстан және еліміздің басқа да облыстарының тұрғындары арнайы құрылған өңірлік комиссияларға әлі де өтініш беріп жатыр. Бүгінгі таңда 16 862 азамттан өтініш келіп түскен.
Зардап шеккен өңірлерде 3210 тұрғын үй тексеріліп, олардың 1 969-ына бағалау жүргізілген. Солайша 311 үйге жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін 447 млн теңгеден астам қаржы бөлінген. Ал 35 отбасыға ескі үйдің орнына жаңа баспана және пәтерлер берілген.
«Келтірілген шығынды өтеу жұмыстары жалғасып жатыр және олар Үкіметтің қатаң бақылауында. Ел Президентінің тапсырмасы бойынша барлық зардап шеккен азаматтарға жан-жақты көмек пен қолдау көрсетіледі», – деп хабарлайды баспасөз қызметі.
Еске сала кетсек, Үкімет табиғи сипаттағы төтенше жағдайлар салдарынан зардап шеккендерге келтірілген зиянды өтеу қағидаларын бекітті. Оған сәйкес, шығынға ұшыраған азаматтар ТЖ туындаған күннен бастап күнтізбелік 30 күн ішінде жергілікті атқарушы органға яғни әкімдікке материалдық залалды өтеу туралы өтініш беруі керек. Материалдық залалды өтеу туралы өтініш әкімдікке құжаттар келіп түскен күннен бастап 15 жұмыс күні ішінде қаралады.
Сонымен бірге Ұлттық экономика министрлігі 2024 жылғы су тасқыны салдарынан шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне келтірілген мүліктік шығынға өтемақы төлеу қағидаларын әзірледі.
Мүліктік шығынға өтемақы төлеу Қазақстан Республикасының сақтандыру және сақтандыру қызметі туралы заңнамасында көзделген тәртіппен сақтандырылған мүлікті қоспағанда, шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне тиесілі жойылған мүліктің құнын немесе бүлінген мүлікті қалпына келтіру жұмыстарының құнын өтеу жолымен жүргізіледі.
Сонымен бірге, 20 сәуір, сенбіде Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға мүлік иелігін растайтын құжаттары сақталмаған жағдайда да баспана берілетінін хабарлады.
«Тұрғын үй құжаттары болмаған жағдайда меншік құқығын «Қазақстан Ғарыш Сапары» ұлттық компаниясы, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы, әлеуметтік қорғау, ішкі істер және денсаулық сақтау органдары растайды», – дейді Ибраева.