Жол, әуе, кеме қатынастарын бір орталықтан бақылайтын Ұлттық зияткерлік көлік жүйесі құрылады – Көлік министрлігі
Қазақстан Қытаймен және Түркиямен шетелдік рұқсат бланкілерімен электрондық форматта алмасуға уағдаласты. Бұл жайлы Көлік министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Министрлік хабарлауынша, қазіргі уақытта Өзбекстан Республикасымен автомобиль жүк тасымалдарында электрондық шетелдік рұқсат бланкілерімен алмасу бойынша жұмыстар аяқталған. Енді Қытай және Түркиямен арада осы тетікті дамыту көзделген.
«Болашақта бұл тәжірибені кеңейту жоспарланып отыр. Атап айтқанда, Қытаймен және Түркиямен келісім жасалған. Көлік саласын цифрландыру мемлекеттік органдар мен тасымалдау процестеріне қатысушылар арасындағы өзара қарым-қатынастар мен процестерді оңтайландыруға және жеделдетуге бағытталған», – делінген министрлік хабарламасында.
Сондай-ақ Көлік министрлігі қолданыстағы ақпараттық жүйелер, аппараттық – бағдарламалық кешендер және енгізілуі жоспарланған цифрлық жобаларды байланыстыратын Ұлттық зияткерлік көлік жүйесін құру жөніндегі жұмыстарды қолға алған.
Бұл жүйе арқылы үлкен деректерді өңдеуге мүмкіндік туады. Сонымен бірге Ұлттық зияткерлік көлік жүйесінде аналитика және мониторинг, оның ішінде жасанды интеллекті қолдана отырып, сапалы басқару шешімдерін қабылдауға мүмкіндік беріледі. Бұл жүйе көмегімен жол қауіпсіздігін арттыру және автоматтандырылған көліктік бақылауға көшу мүмкіндіктері де қарастырылмақ.
«Бүгінгі таңда мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, Ұлттық зияткерлік көлік жүйесін құруға арналған егжей-тегжейлі техникалық құжаттама әзірленуде. 2024 жылы қажетті құжаттарды бекітіп, жобаны нақты іске асыруды бастау көзделіп отыр», – делінген баспасөз хабарламасында.
Министрлік хабарлауынша, бастапқы кезеңде зияткерлік көлік жүйесі автомобиль жүк тасымалын, ал алдағы уақытта барлық басқа көлік түрін қамтитын болады. Тұжырымдамада «Көлік құжаттарын басқарудың бірыңғай жүйесін» (автокөлік), e-Freight жүйесін (жүк авиатасымалдары), «кемелер қозғалысын басқару жүйесін» біріктіру жолымен бірыңғай жүйе құру жоспарланған.
Еске сала кетсек, мұның алдында Көлік министрлігі қазақстандық халықаралық тасымалдаушыларға шетелдік рұқсат бланкілерін шектеусіз беруді ұсынды. Бұған қоса қолданыстағы әдістемеге сәйкес, шетелдік рұқсат бланкілері тасымалдаушыларға 100 күнтізбелік күн мерзімге бос форматта беріледі. Бұл тәсіл көлеңкелі нарықта алыпсатарлық бағамен бланкілерді қайта сатуға қолайлы жағдай жасайды. Қазақстан әлемнің 42 елімен автокөлік арқылы халықаралық жүк тасымалдайды. 2023 жылы осы мемлекеттермен 270,8 мың шетелдік рұқсат бланкілерімен алмасқан.