Мүлік иелігін растайтын құжаттары сақталмаған жағдайда да баспана беріледі: Өнеркәсіп министрлігі тасқын судан зардап шеккендерге үй беру тәртібін түсіндірді

Жарияланды (жаңартылды )
баспана
Су тасқынынан зардап шеккендерге баспана мемлекет бекіткен типтік үлгілер бойынша салынады / Фото: kursiv.media

Тұрғын үй мәселелерін жедел шешудің нақты тетіктері әзірленді. Бұл жайлы Орталық коммуникациялар алыңында өткен брифингте Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің ресми өкілі Меруерт Ибраева айтты.

Ибраева зардап шеккен жұрттың баспана мәселесін шешу үшін су басқан үйлерге жөндеу жұмыстарын жүргізу қарастырылып жатқанын хабарлады. Айтуынша, техникалық байқау қорытындысы негізінде жөндеу жұмыстарына әкімдік мердігерлері тартылады немесе үй иелері өтемақы есебінен өз үйлерін өз бетінше жөндей алады.

«Егер үйді қалпына келтіру мүмкін болмаса, мемлекет бұл мәселені шешудің екі жолын ұсынады: жаңа тұрғын үй салу, сондай-ақ жылжымайтын мүлік нарығында дайын тұрғын үйді сатып алу. Сонымен қатар азаматтардың баспананы өз бетінше таңдауға мүмкіндігі болады, бұл жерде бекітілген стандартты жобадан аспайтын шығындардың лимиті бар», – дейді министрлік өкілі.

Сондай-ақ су тасқыны болған аймақтардағы саяжай тұрғындарының жағдайы ескеріледі. Егер саяжай аумағында тұрған үй олардың жалғыз баспанасы болса, оны да қалпына келтіру тетігі қарастырылған. Егер мүлік иелігін растайтын құжаттар сақталмаған жағдайда да тұрғындарды мемлекет баспанамен қамтамасыз етеді. Салынатын тұрғын үй құрылысы уәкілетті орган мен әкімдіктер бекіткен үлгілік жобаларды пайдалана отырып жүзеге асырылады.

«Тұрғын үй құжаттары болмаған жағдайда меншік құқығын «Қазақстан Ғарыш Сапары» ұлттық компаниясы, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы, әлеуметтік қорғау, ішкі істер және денсаулық сақтау органдары растайды», – дейді Ибраева.

Жаңадан тұрғын үй салу үшін ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі үш климаттық шағын аудан бойынша мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысын алған типтік жобаларды әзірлеген. Олар келесідей:

  • Біріншісі – ауданы 80 шаршы метр бір отбасылық тұрғын үй. Құрылыстың болжамды мерзімі – 1,5 ай.
  • Екіншісі – ауданы 160 шаршы метр екі пәтерлі тұрғын үй. Құрылыстың болжамды мерзімі – 2,5 ай.

Еске сала кетсек, Үкімет табиғи сипаттағы төтенше жағдайлар салдарынан зардап шеккендерге келтірілген зиянды өтеу қағидаларын бекітті. Оған сәйкес, шығынға ұшыраған азаматтар ТЖ туындаған күннен бастап күнтізбелік 30 күн ішінде жергілікті атқарушы органға яғни әкімдікке материалдық залалды өтеу туралы өтініш беруі керек. Материалдық залалды өтеу туралы өтініш әкімдікке құжаттар келіп түскен күннен бастап 15 жұмыс күні ішінде қаралады. 

Сонымен бірге, Ұлттық экономика министрлігі 2024 жылғы су тасқыны салдарынан шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне келтірілген мүліктік шығынға өтемақы төлеу қағидаларын әзірледі.

Мүліктік шығынға өтемақы төлеу Қазақстан Республикасының сақтандыру және сақтандыру қызметі туралы заңнамасында көзделген тәртіппен сақтандырылған мүлікті қоспағанда, шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне тиесілі жойылған мүліктің құнын немесе бүлінген мүлікті қалпына келтіру жұмыстарының құнын өтеу жолымен жүргізіледі. 

Сондай-ақ оқыңыз