Жайық өзеніндегі су деңгейі 8 метрден асты: Орал қаласы мен 80-нен астам елдімекенді су басу қаупі бар

Жарияланды
Жайық
Жайық өзеніндегі су деңгейінің көтерілуі 80-нен астам елді мекенге қауіп төндіреді /Фото: ТЖМ

БҚО-да ТЖ мамандары су тасқынына қарсы жұмыстарды күшейтілген режимде атқарып жатыр. Өйткені күн санап, Жайық өзеніндегі су көтеріліп жатыр. БҚО әкімінің баспасөз қызметінің басшысы Ерхан Таткеннің хабарлауынша, су деңгейі бүгінде 8 метр 5 см көтерілген. Ал қауіпті деңгей 8,5 метр.

Ресейдің Орынбор облысынан келе жатқан су Жайық өзені арқылы өтіп Каспийге бет алады. Сол себепті өзен бойындағы 4 ауданның 80-нен астам елдімекені және Орал қаласының шағын аудандарын су басу қаупі бар. ТЖМ хабарлауынша қазіргі уақытта Ақжайық, Бөрлі, Бәйтерек, Теректі аудандарымен Орал қаласында су тасқынына қарсы жұмыстар тәулік бойы жүргізіліп жатыр.

Осыған орай Төтенше жағдай министрі Шыңғыс Әрінов Батыс Қазақстан облысына қайта келген. Ведомство басшысы Бөрлі ауданының елді мекендерінде салынған қорғаныс бөгеттерін тексерді.

«Жайық өзеніндегі су деңгейінің көтерілуіне байланысты өңірдің кейбір ауылдарын су басу қаупі әлі де сақталуда. ТЖМ тұрғындардан дүрбелеңге түспеуді, Төтенше жағдайлар департаменті мен жергілікті атқарушы органдардың ұсыныстарына сәйкес әрекет етуді және қажет болған жағдайда қауіпсіз жерлерге эвакуациялануды сұрайды»,- делінген министрлік хабарламасында.

Су тасқыны басталғалы бері өңірде 13 771 адам эвакуацияланған. Оның ішінде 6 мыңға жуығы бала. 16 эвакуациялық пункт жұмыс істеп тұр. Онда 2323 адам орналасқан.

«Оларға қажетті заттар мен азық-түліктер уақытылы жеткізіліп жатыр. Өңірдегі су тасқынына қарсы іс-шараларға облыстан және абсқа да аймақтардан 10444 адам және 2094 бірлік техника, оның ішінде 1166 арнайы техника жұмылдырылды. Су тасқынының екінші кезеңіне дайындық күшейтілді», – дейді Ерхан Таткен.

Еске сала кетсек, Үкімет табиғи сипаттағы төтенше жағдайлар салдарынан зардап шеккендерге келтірілген зиянды өтеу қағидаларын бекітті. Оған сәйкес, шығынға ұшыраған азаматтар ТЖ туындаған күннен бастап күнтізбелік 30 күн ішінде жергілікті атқарушы органға яғни әкімдікке материалдық залалды өтеу туралы өтініш беруі керек. Материалдық залалды өтеу туралы өтініш әкімдікке құжаттар келіп түскен күннен бастап 15 жұмыс күні ішінде қаралады. 

Сонымен бірге, Ұлттық экономика министрлігі 2024 жылғы су тасқыны салдарынан шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне келтірілген мүліктік шығынға өтемақы төлеу қағидаларын әзірледі.

Мүліктік шығынға өтемақы төлеу Қазақстан Республикасының сақтандыру және сақтандыру қызметі туралы заңнамасында көзделген тәртіппен сақтандырылған мүлікті қоспағанда, шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне тиесілі жойылған мүліктің құнын немесе бүлінген мүлікті қалпына келтіру жұмыстарының құнын өтеу жолымен жүргізіледі.

Сондай-ақ оқыңыз