“Қазақстанда әйел болу – жаза”: Зорлық-зомбылық туралы қазақстандық 5 фильмге шолу
Отандық БАҚ жарыса жазған еліміздегі резонанс тудырған қылмыстар «Курсив» редакциясын да бей-жай қалдырмады. Осыған орай, шынайы оқиғаға негізделген жантүршігерлік 5 фильмге рецензия дайындадық. Бұл шолуда Асқар Ұзабаевтың «Бақыт», Әділхан Ержанның «Ұлболсын», Рашид Сүлейменовтің «Періштелер жылағанда» фильмдері мен Қанат Бейсекеевтің «Әйел», Ринат Балғабаевтың «Қаш» деректі фильмдерін қарастырамыз.
Асқар Ұзабаевтың «Бақыт» фильмі – абьюз бен Қазақстан қоғамындағы шегі көрінбейтін зорлық-зомбылық құрбандары туралы картина.
Аталған фильм премьерасы 2022 жылы Берлин кинофестивалінде көрермен жұмыстары ұсынылатын «Панорама» бағдарламасы аясында көрсетілді. Қазақстандағы қылмыс туралы шынайы оқиға (фильмнің соңында сондай ақпарат берілген) желісімен түсірілген «Бақыт» драмасы халықаралық байқауда бас жүлдені жеңіп алды. Биыл отандық прокатқа шығып, қазақ киносы тарихындағы ең көп көрілген авторлық драмалардың біріне айналды. Бұған, әлбетте, өзекті тақырыпқа негізделген мықты сценарий, режиссердің таланты мен фестивальдегі жүлдесі де үлес қосты. Фильм сценарийін картина авторы Асқар Ұзабаевпен бірге Әсем Жәпішева жазды. Ал жоба продюсері – отбасыдағы зорлық-зомбылықты басынан өткерген Баян Алагөзова. Елдегі оқиғалардан түсінгеніміздей, әйел адамның атақ-даңқы, беделі зорлық-зомбылықтан сақтап қалмайды.
Ескерту! Шолуда фильм желісін егжей-тегжей баяндаймыз!
«Бақыт» драмасының сюжетіне тоқталайық. Күннің көзі ешқашан ашылмайтындай көрінетін қалың қар басқан, көшелері тозып кеткен, тұрғындары да ашулы Қазақстан қалаларының бірі. Бірақ бір шаршы метрде бірге қалудың өзі қауіпті саналатын абьюзерлер пәтерлерінің қасында қысқы кеш қорқынышты емес. Фильм басталып жатқандағы эпизодтардың бірінде орта жастағы келісті келіншек (рөлді сомдаған Лаура Мырзахметова) шамның жарығында (үйде жарық жоқ) көк ала болған денесін еш эмоциясыз қарап отырады. Денесінің сау жері жоқ, көгерген, қызарған, бірақ соның бәрі қалыпты жағдайға айналғаны сонша келіншектің жүзінде бірде-бір эмоция жоқ. Киімін кие салып, үй шаруасына кірісіп кетеді. Күндегі шаруаларымен қоса қонақ күтіп, қабағы ашылмайтын қайын әпкесінің ұрысын тыңдап, бірақ сыртқа бақытты әйел рөлін сомдап жүреді. Бүгін де «түр бермеу» керек, өйткені жалғыз қызы (талантты жас актриса Алмагүл Қазихан) тұрмысқа шығып жатыр.
Құқық қорғау қызметінде жұмыс істейтін отағасы (Ерболат Әлқожа) осы күн үшін біраз терледі. Бай туыстарынан ақша сұрады, жас жұбайлар лимузиніне еріп жүру үшін қызметтік көлік алдырды. Ендігі мәселе – күйеу жігіттің тайқып кетпеуі. Өйткені қалыңдықтың аяғы ауыр, таныс-туыс арасында өсек жүр. Сәукеле тағарда қалыңдық егіл-тегіл жылап, ал күйеу жігіт есі танғанша ішіп алып, жаңа құда да ащы суға «тойып алып» фотографтармен сөзге келісіп, ел алдында абыройды төгіп, әйтеуір, той да аяқталды. Жақында ғана қойша сабаған әйелі осының барлығын үнсіз бақылады, ақыры шыдамай жастарға бақыт тілемекке тост айтты. Былай істеуіне негіз де бар, өйткені ол әйел бақыты бойынша білікті маман. Басты рөлдегі келіншек әйелдерге трениң ұйымдастырып, оларды бақытты ететін косметика сатады екен. Сүйікті жұлдызынан шабыт алған (Баян Алагөзованың қатты қағаздан қиылған сұлбасын өзімен тасып жүреді) инфосыған бақыт теориясы туралы айтып жүреді. Теорияға сүйенсек, бақыттың 40 пайызы адамның өзіне ғана байланысты. «Сол 40 пайыз құдай берген былшық. Одан не илесеңіз – соны аласыз», – дейді оқырмандарына.
Ал өзі берілген балшықтан күштеп қосылатын, үнемі басынып, ұратын қорқақ абьюзер мен ессіз қызғаншақты илеп алған. Күйеуі бойына біткен бала ұл болмағаны үшін 9 рет түсік жасатуға мәжбүрлеген. Ажырасу туралы сөз қозғалса, садист өлімше қылып сабап, «тілеп алдың» деп өзін кінәлай жөнелетін көрінеді. Бұл шеті көрінбейтін зорлықты өзі абьюзерге айналса ғана тоқтата алады, әйтпесе еркектің мұны жайына қалдырар түрі жоқ. Әйел таңертең оянғанда ашудан жұдырығын жаза алмаудан, түнімен балта құшақтап ұйықтаудан әбден шаршаған.
Бұл картинада Ұзабаев қоғамның қаншалықты ауру екенін, зорлыққа барлығының қалыпты нәрсе ретінде қарайтынын көрсетеді. Одан да сорақысы – елдегі мизогиния, яғни әйелдердің бір-бірін қолдамайтыны. Мысалы, осы фильмдегі бір-біріне ең жақын екі әйел, яғни шешесі мен қызы қиын кезде бірін бірі қолдамайды, аяғы ауыр қызы шешесіне келіп мұңын шаққанда шешесі «шыда, қайтып келме» деп қуып жібереді. Ал шешесі таяқ жеп ауруханаға түскенде қызының ең бірінші айтқан сөзі «мені күйеуімнің туыстарының алдында масқара еттің» болды. Тиран еркекті әйелі де, асырап жүрген туған әпкесі де жөнге сала алмайды. Керісінше, айналадағының барлығы соны аяп, түсініп, жараланған қолын байлап, дәрігерлер мен полицияға пара беріп бәлеге қалған басын құтқарады. Көмекке нағыз мұқтаж таяқ жеген құрбан екенін ешкім ескермейді. Әйелге көмекке келген жалғыз жан – адвокат, ол да кезінде дәл осындай қиындықты басынан өткерген.
Көптің назарын аударып, елде де, шетелде де марапатқа ие болған «Бақыттың» кинофеноменге айналуы бекер емес. Фильмдегі басты рөлдерді сомдаған Лаура Мырзахметова мен Ерболат Әлқожа биыл көктемде Қазақстан кино сыншылары қауымдастығының премиясында ең үздік актер марапатына ие болды. Фильм сценарийі де жақсы, картинадағы ойлар тура болғанымен, режиссура тұрғысында автордың мәселеге көзқарасын көрсетеді. Не болғанда да «бәрі біз ойлағандай емес», «екі тарап та кінәлі» деген манипуляциядан ада.
Режиссердің ауызекі тілді кинематография тіліне ұтымды айналдырғаны, жарықты фильм соңына қарай кейіпкер өміріндегі қара түнек сейілген шақта жөнделгені, қазақтың тойын бір кеселдің басы ретінде бейнелегені, әйел жарнамалайтын косметиканы қоғамымызда сырт келбетке ғана мән беретінімізбен, жұдырық ізі тұрса да, бастысы күтімі кетпеген, жылтырап тұрғаны беттің маңызымен байланыстырып суреттегені қызық. Кейіпкердің өзі фильмнің басында турап жатып басын кесіп таста да жыбырлап «тірімін деп тырмысып» жатқан балыққа ұқсайды. Абьюзерден кетіп қалу үшін тағы қандай қиянат көруі керек? Картина жүректі қозғамай қоймайды, жүйке жүйесі әлсіздер көтере алмайтын бірнеше сахна бар. Бірақ көруге тұрарлық, әсіресе, ересектер көруі керек. Фильмде жүректі ауыртар сахналардың қолданылғаны да орынды, өйткені біздің айналамыздағы қайталана беретін зорлыққа әбден етіміз үйренгені сонша қалыпты жағдай ретінде қараймыз. Ал бұл мәселеге басқаша назар аударту мүмкін болмай тұр. Фильм соңы қорқынышты, БҰҰ-ның статистикасынан Қазақстанда жыл сайын отбасыдағы зорлық-зомбылық салдарынан 400 әйел өлетінін, ал жазасын өтеп жатқандардың 70 пайызы күйеуін өлтіргендер деген дерек келтіреді. Зорлық-зомбылыққа қоғамда 1 пайыз төзімділік болса, бұл жүкті ғасырдан-ғасырға арқалап жүре бермекпіз.
Әділхан Ержановтың «Ұлболсын» фильмі – әйелдерге орын жоқ жемқор, патриархал қоғам туралы мысқыл
2020 жылы Әділхан Ержанов қыздарды 16 жаста күйеуге шығарып жіберетін туған ауылынан сіңлісін үлкен қиындықпен алып кететін қыз туралы фильмін жарыққа шығарды. Фильм соңындағы өзінің көзінше әпкесіне екінші әйел болуды ұсынған жасы үлкен абьюзер күйеу жігітінен қашып құтылып, жаңа өмірге мұңды, жылаған жүзбен қадам басқан сіңлісінің қорқынышы тағы бір зерттеуге азық болар дүние. Бірақ шолу ол туралы емес.
Сонымен сюжет бойынша Ұлболсын есімді басты кейіпкер Қаратас ауылындағы мектепке жоғары сыныпта оқитын сіңлісі Ажардың құжаттарын алып кетуге келеді. Ұлболсын (Әсел Садуақасова) Ажарды (Динара Сағи) өзімен шетелге алып кеткісі келеді, бірақ әкімшілікпен сөйлесіп жатқанда мектеп ауласынан оқушы қызды ұрлап, қара джипке салып алады. Ұлболсын полиция учаскесіне барғанында арыз жазғызбақ былай тұрсын, тыңдамайды да. Кешке Ұлболсын сіңлісін күйеуге алып қашқанын біледі. Қылмыскерді оның кәмелет жасқа толмағаны да тоқтатпады. Күйеу жігіт – жергілікті емші Үрген (Ерболат Әлқожа) қыздан екі есе үлкен болса да, ауылда беделді. Шайтаннан аластаумен айналысатын бақсының өзін аластау керегі ешкімді алаңдатпайды.
Ауыл халқы Үргенді қолдайтынын, оған ешкім көмекке келмейтінін түсінген Ұлболсын қаладан қолдау шақырады. Алдымен таныс полковник (Ержан Жаманқұлов) арнайы жедел әрекет ету жасағының жауынгерлерімен (Санжар Мәди) келеді. Ол да көмектеспейді. Кейін белгілі блогерді (Берік Айтжанов) шақырса да пайдаға аспайды. Шарасыз қалған қыз бандит немесе жеке күзет ұйымының өкіліне (Сапар Төлеген) хабарласады. Одан да жағдай өзгермей, ақыры мәселені қолына қару алып өзі шешеді. Қару ұстауынан да еркекке айналу метафорасын көруге болады.
Ержанов бақсылардың сөзі жүріп, ал қалғандары солардың дегенін істейтін жемқорлық жайлаған, патриархал жүйені жақсы суреттейді. Ұлболсын полицияға барғанда сөзжұмбақ шешіп отырғанын көріп, ескерту айтса, қызметкер көзін көтерместен ермегін жалғастыра береді. Бір жағынан, қаратастық полицияның қылмыскерлерді жасырып, ақтап алумен айналыспай, сөзжұмбақ шешіп отырғаны жақсы ма деп те қоямыз. Қоғам үшін маңызды мамандықтардың барлығы оқиғаға тартылған. Полиция, прокурорлар, тіпті блогерлер де бар. Дегенмен олардың қылықтары күлкілі, кейде аянышты. Полиция оқиға болған жерге барайын десе жанармай жоқ, арнайы жасақ қызметкерлері ауланың қақпасын ашуға «басы жетпей», темір қақпаны сындырып кіреді, блогерлердің қарнын тойдырса, «ақпарат айдынының майталмандар» ауыздарын баса қояды. Фильмдегі есі дұрыс жалғыз жан – Ұлболсын.
Фильмде күлетіндей нәрсе айталмаса да, Ержановтың картинасында мысқыл ұмыт қалмаған. Кей эпизодтардың күлкілі әрі шынайы болғаны сонша, ішегің түйілгенше күлесің. Дегенмен фильм кейіпкерлерінің аузынан әйелдерді қаралайтын сөздер ағылып жатады. Оның да сарказм екенін көбі түсіне қоймас. Қаратастықтардың басқа да дұрыс емес сенімдері көрсетіледі. Мәселен, қыз қалаға кетсе оқып, дамымай, бұзылып кетеді.
Картина соңында Ұлболсынның сіңлісі әпкесіне «бәрін бүлдірдің, сен келмегенде бақытты болар едік» деп ұрысып береді. Жан айқайының шынайылығы сонша тек өзінің емес, түгел бір қауымның ойын жеткізгендей. Бір қызығы, Ержановтың Қаратасы табиғаты келіскен ауыл. Оператор Азамат Дулатов осынау кішкентай тозақты тартымды етіп көрсете алған. Тұманды күні жайылып жүрген жылқыға, өзеннен өтіп бара жатқан бейнесіне қарап ауылдан кеткің келмейді.
Туынды соңындағы титрлерде автор экран ортасында сары шаршыны ұзақ көрсетеді. Бұл бір жағы қазір жиі көретін QR-кодқа ұқсаса, бір жағынан ою-өрнекті еске салады. Көрермендер бұл символды қалай түсінер екен? Дәстүрдің де символдардың өзгергендей түрленгенін бе немесе олардың өзгергені сонша қазаққа тән болудан қалған ба? Шешім әркімнің көкірек көзіне байланысты… Осы ретте ритмге толы, жігерлендіретін музыкасын жазған Алуа Өрентайды да бір мақтап өткіміз келеді. Бәлкім бұл әуен Қазақстанның алғашқы феминист әнұраны болып қалар ма?
«Ұлболсын» – Ержанов стиліндегі қорқыныш мен юморға, шындыққа толы фильм.
Рашид Сүлейменовтың «Періштелер жылағанда» фильмі – зорлық-зомбылық туралы Қазақстандағы алғашқы резонанс тудырған картина
Рашид Сүлейменовтің 2017 жылы прокатқа шыққан драмасы әлі күнге дейін өзекті. Әйелдер зорланғанын қанша айтып, барлық дәлелін көрсетсе де әділдікке жете алмайды, ал қылмыскерлер бостандықта жүреді. Құрбан өз оқиғасын елге айтып, баспасөздің назарын аударып, президентке жүгініп, әділдікті өзі іздеуі керек.
Картина атауы телехикаялар атауына келіп, сол негізде жасалса да, оқиға шынайылығы көрерменді бей-жай қалдырмайды. Кезінде бұл драма прокатта үлкен жетістікке жеткен, бұған мемлекет тұрғысынан айтыла бермейтін тақырыптың өзектілігі әсер етті. Әлеуметтік контекст пен халық сүйетін өнерпаздардан құралған команда да өз үлесін қосты. Мысалы, басты рөлді актриса Жұлдыз Әбдукәрімова (Айдарбекова) мен оның жары Қайрат Нұртас ойнады. Қайрат Нұртас фильмде де Жұлдыздың ғашығының рөлін сомдайды. Жұлдыз осындай рөлді жандандырудан қорықпаған алғашқы актрисалардың бірі, оған дейін мұндай рөл болмаған және келісімін алу кез келген режиссердің қолынан келмес еді. 2018 жылы қазақстандық сыншылар оны ең үздік актриса, ал фильмді жылдың ең үздік жанрлық фильмі деп таныды.
«Періштелер ұйықтағанда» атасымен (Тілектес Мейрамов) бірге тұратын Арман есімді (Жұлдыз Әбдукәрімова) жас мұғалім туралы. Ол өзі сүйген жігітіне (Қайрат Нұртас) күйеуге шыққалы жүр. Екеуінің де ата-анасы ерте қайтыс болған. Қос ғашық сөз байласқанын тойлау үшін мейрамханаға шыққанда есірткі шеккен жас жігіттер тобымен (Шадияр Абдуллаев, Елжас Рақым, Олжас Нұрбай, Мархан Манақов) кездесіп қалады. Байдың балалары қыздың жігітімен әдейі төбелесіп, қызды күштеп алып кетіп, топпен зорлайды. Арманның жігіті артынан еріп бара жатқанда жол полициясына ұсталып, полиция қызды құтқаруға бірге аттанудың орнына жігітті тұтқындайды. Ақыры жігіт Арманға жеткенде болар іс болып, Арман әл үстінде жатады.
Тергеу жүргізген тергеуші қалтасын қалыңдатып алғаннан кейін қыздың өзін кінәлайды. Арман әділдікке жете алмай, зорлаған жігіттердің ата-аналары ақша беріп, кешірімге келуін сұрайды. Құрбанның барлығын ашық айтып, көпшіліктің назарын аудартудан басқа амалы қалмайды. Ол жоспар да іске аспаған соң, оның үстіне қыздың атасын өлтіріп кеткеннен кейін бас кейіпкер бәрін өзі шешемін деген байламға келеді. Бұл оқиғаның трагедиямен аяқталары бесенеден белгілі еді.
Сценарий авторы (Рашид Сүлейменов) қоғамдағы бір емес бірнеше проблеманы қамти алған. Қылмыскерлердің жазасыз жүруі, байдың балаларына келгенде құқық қорғау жүйесінің қауқарсыздығы, біраз уақытқа дейін ауыр қылмыс ретінде саналмаған зорлау, татуластыру (қазір мұндай келісімді алып тастаған болуы керек), қылмыскерді емес құрбанның өзін кінәлайтын әлі күнге дейін шарықтап тұрған виктимблеймиң. Фильмде Арманның әріптестері көңілін сұрап, ақшалай көмек беріп жатып, енді жұмысқа келмеуін ескертетін сахна бар. Мұндай масқараға ұрынған адам балаларды қалай тәрбиелейді? Бірақ қыз соңына дейін күресемін деп шешкенде оны қолдайтын да қоғам болып шығады. Полиция көмектесіп, жолсеріктер де қолдау көрсетеді, халық қыздың жағын жақтайды. Драма жарық көргеніне 6 жыл өтсе де қоғамның бірауыздан құрбанды қолдамайтынын көріп келеміз, бірақ жақсылыққа үміт жоқ емес.
«Періштелер жылағанда» – қыз бала тәрбиелеп отырған адамның қорқынышты түсінің шындыққа ұласуы. Әлі күнге дейін өзектілігін жоғалтпай келе жатқан ауыр фильм.
Қанат Бейсекеев пен Қайрат Нұрмағамбетовтың «Әйел» деректі фильмі YouTube-те хитке айналды. Онда елімізге белгілі ер адамдар тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы ойын айтады
YouTube желісіне 2 жыл бұрын жүктелген деректі лента 800 мыңға жуық қаралым (нақты айтсақ, 773 мың) жинаған. Елімізде тұрмыстық зорлықпен әр екінші адамның бетпе-бет келетінін ескерсек, қаралым саны таңқалдырмайды. Бұл мәселе 15 жыл бұрын, былтыр қалай өзекті болса, қазіргі резонанс жағдайларға байланысты тіпті басты тақырыпқа айналды.
Фильм бірден жан түршігерлік прологпен басталады. Жоғарыда айтқан БҰҰ дерегі көрсетіледі. 2020 жылғы пандемияның алғашқы 8 айында полицияға зорлық-зомбылық фактісі бойынша 130 мың шағым түскен (бұл полицияға хабарласудан қорықпағандар). Елімізде зорлық-зомбылықтың 54%-ы әйелдерге, 6%-ы балаларға жасалса, 40% еркекке көрсетіледі екен. Бірақ әйелдер мен балалар заң тұрғысында жеткілікті дәрежеде қорғалмаған.
Фильм кейіпкерлерінің өмірі аянышты. 15 жастан 7 айлыққа дейінгі 5 баласы бар әйел аналар үйінде тұрып жатыр. Әйелді абьюзермен тұрған он жылда күйеуі қолына түскенімен, тіпті құбырмен сабаған. Бірақ ол әлі де күйеуін «сүйеді» және «қайтып барғысы» келеді. Тағы бір кейіпкер азаматтық некедегі жары жылдар бойы бірінші некеден туған қызын зорлап келгенін байқамаған. Ақыры қыздың психикасы «қорғану үшін» шамадан тыс тамақ жеп, 40 келіге семірген, ал әйелдің әпкесі күйеу баласының жиенін зорлайтынын білгенін айтпаған. Оқиғаға қатысты барлық кейіпкер залым. Баласының мазасыздығын елемей келген ана, жағдайды білсе де айтуды міндет көрмеген туыс, жазасын тартпаған малғұн.
Кино түсіріліміне зорлық-зомбылықтан жапа шеккен әйелдермен қатар қорлық көрсеткендерді көпшілік алдында жазғырудан бас тартпаған елге белгілі ер азаматтар да қатысқан. Солардың бірі – белгілі стендап әртісі Ғалым Қалиакбаров. Оның отбасындағы зорлық-зомбылық тақырыбына арналған стендап шоуы фильмнің негізіне айналған. «Зорлық қалай отбасылық бола алады? Отбасылық дегеннің өзі зорлық сөзін таныс, жақын етеді. Оның отбасыға қандай қатысы бар? Ұрып-соғатын, басынатын бөтен адам емес сенің жақының, сүйіктің», – дейді ол. Мына сөзден кейін тіпті жүрегің ауырады. Тақырып Ғалымға да жат емес болып шығады, кішкентайында куә болған зорлық-зомбылықтың неге әкелетінін ол жақсы біледі екен. Ютубер Тимур Балымбетов те бұл мәселемен таныс болып шықты. Физикалық зорлық куәсі болмаса да, отбасында эмоционал зорлық болған. Кино авторлары психологпен (Қарлығаш Меліс), заңгерлермен (Жанна Уразбахова), журналистермен (Мәди Мәмбетов), қоғам белсенділерімен (Дина Смайлова) және бірқатар танымал азаматпен (актер Санжар Мәди мен әнші Ақмарал Көшербаева) зорлықтың себебін анықтап, онымен күресу жолдарын іздейді.
Қанат Бейсекеев мәселені еркектердің қоғамдағы доминант статусының, әсіресе, материалдық басымдығының жоғалып жатқанымен байланыстырады. Өйткені қазір әйел де еркекпен тең, кейде одан да көп табыс табады. Осындайда еркек екенін басқа қалай дәлелдейді? Тек физикалық күшімен ғана. «Өзін толық санамаған еркек үйінде тек таяқпен дәлелдейді», – дейді психолог.
Журналист, қоғам белсендісі Мәди Мәмбетов бұл ауруды емдеу үшін екі шара қолдану қажет деген пікірін бөліседі. Алғашқысы – салдарымен күресу, яғни заңды қатайтып, зорлаушы мен зорлықтың кез келген түріне төзімділік танытпау. Екіншісі – себебімен күресу. Осы жерде еркектерге қандай тәрбие беріліп жатқанын түсіну керек. Заңгер Жанна Уразбахова да ең алдымен заңды барынша қатайту керегін және бірінші арыз түскенде ескертумен ғана шектелмей қатаң жаза беру керегін алға тартады. Заңгердің айтуынша, алғашқы ескертуден кейін жәбірлеушіні 15 күнге қамауға алады (шындығында 5 күннен көп отырмайды). Сонымен қатар мемлекет зорлықтың алдын алумен айналысуы керек. Абьюзер ішімдікке немесе есірткіге тәуелді болса, емделуге жіберіп, тіркеуге алуы керек, ал жапа шеккенге ең болмағанда заң тұрғысында көмек көрсету керек. Одан бөлек елімізде психологиялық және экономикалық қысым үшін жауапкершілікке тарту қарастырылмаған. Экономикалық қысым құрбаны болатындар көбіне әйелдер. Оларды жұмысынан шығарып алып, ақша бермейді, сондықтан да күйеуінен кетуге қорқады. «Қазақстанда әйел болып туу – жаза», – дейді осы салада бірнеше жыл жұмыс істеп жүрген заңгер.
Ринат Балғабаевтың «Қаш» фильмі – тұрмыстық зорлық құрбандарының оқиғасына негізделген қорқынышты репортаж
Танымал блогер әрі инфлюенсер Ринат Балғабаевтың деректі фильмі ауыр тақырып туралы көлемді телерепортажды еске салады. «Қаш» атты екі жыл бұрын түсірілген деректі фильм YouTube-те 210 мыңнан астам рет қаралған. Фильмде абьюзерді қалай тануға болатыны, танысқан кезде неге мән беру керегі, зорлық-зомбылық жасалса қайда жүгіне алатыны туралы көп кеңес берілген. Мысалы, 150 нөмірі арқылы ұлттық сенім орталығына хабарласуға болатынын барлық әйел біле бермейді. Сарапшы-психолог Шынар Наурызбаева әр абьюзердің белгісі болатынын айтады. Мысалы, ондай адамдар балалар, жануарлармен қарым-қатынаста дөрекі, қызмет көрсететін адамдарды менсінбей, бақырып-шақырады. Жақын араласа бастағанда лезде өзгеріп шыға келеді, әйелдің қолы қысқара бастайды, жұмысы мен табыс табуына тыйым салады, әр қимылын бақылауға алып, тіпті не киетініне, кіммен араласатынына, қайда баратынына дейін араласады. Серігіңізден осы қасиеттерді байқасаңыз немесе бір рет қол көтерген болса, фильмде бір ғана кеңес беріледі. Қашыңыз. Бір рет ұрған адам екінші рет тағы ұрады.
Сұхбаттасуға келіскен әйелдердің оқиғасы бірінен бірі өткен. Бір әйелді құқық қорғау органдарында істейтін күйеуі жылдар бойы сабап, өлтіремін деп қорқытып келген, басына тапанша тақайтын кездері де болған. Осының барлығына куә болған кішкентай баласы бір кездері сөйлемей қойған. Келесі кейіпкердің күйеуі аяғы ауыр кезде сабап, қыстың күні кішкентай балаларымен жалаң аяқ далаға қуатын болған. Үшіншісін күйеуі ағаштан да қызғанған көрінеді. Әдетте зорлық схемасына тек ерлі-зайыпты ғана емес, туған-туыс та қатысты. Мысалы, бір кездері өзі де зорлық-зомбылықты бастан өткерген ене. Ол ондай жағдайдан еш әбестік көрмейді, біраз шыдау керек деген ойда.
Бір қызығы, күйеуі көрсеткен зәбірді егжей-тегжей баяндап берген әйел күйеуін кешіргенін айтады. Мұндай жүкті ойда сақтап жүру психикаға кері әсерін келтіреді дейді. Кешіру, келісімге келу, жапа шектіргенді біржола ұмыту – Қазақстанда кең таралған тәжірибе. Сондықтан да көп абьюзер жазаланбайды. Сол себепті заңгерлер (Жанна Уразбахова мен Құндыз Оспан), қоғам белсенділері («Қорғау Астана» қорының жетекшісі Анна Рыль) заңды қатайту керегін екшей түседі. Елімізде ескертудің күші жүрмейтінін бәрі біледі, тұрмыстағы зорлық үшін жауапкершілікті арттыру керек.
Фильмде мемлекеттік орган өкілінің пікірі бар. Оның айтуынша, бұл мәселеде оң өзгеріс жоқ емес. Мысалы, полиция 2019 жылғы желтоқсаннан бері зорлыққа қатысты жаза қатайтылғанын, әсіресе Қылмыстық Кодекстің 110-бабына сәйкес зорлық болған жағдайда дәлелді құрбанның өзі емес, полиция жинауы керек. Құрбанның арыз жазуы жеткілікті. Белсенділер қоғамдағы пікірталас, әлеуметтік желілердегі талқылар мен фильмдер зорлыққа көзқарасты өзгертіп, төзімділік танытпауға алып келеді деген сенімде. Олар жас жігіттер арасында зорлықтың дұрыс емес екенімен келісетіндер көбейіп жатқанын айтады.