Түркияда дауыл соғып, нөсер жауды: көшелерде ағаштар құлап, автокөліктер қирады

Жарияланды
Түркиядағы дауыл мен нөсер салдары / yeniakit.com.tr

Түркияда нөсер жауын күшейіп, дауыл соқты. Ыстамбұл қаласында метроны су басты. Ел астанасы – Анкарада күшті жел үйлердің шатырларын жұлып алып кетті. Гечиерен, Чанкая, Этимесгут, Синкан және Гелбаши аудандарында ағаштар құлады.

Чанкерик қаласында Бадемлик мешітінің мұнарасы құлады. Измир қаласындағы теңіз жағалауында құйын соқты. Анталияда қысқа-қысқа нөсер жауып, найзағай жарқылдады.

Желдің екпіні Анталияда сағатына 68,4, Кемер аймағында 118 шақырымды көрсетті.

Дауыл салдарынан автотұрақта тұрған автокөліктер қирады. Құйын аралас жаңбыр 20 сәуірде басталған.

Сәуір айында Біріккен Араб Әмірлігіндегі Дубай қаласында жаңбыр жауып, күшті жел қатынасты қиындатты. Метроны су басып, әуежай жұмысын тоқтатты.

Араб елдеріндегі табиғат құбылысы кейде Түркияға да әсер етеді. 2020 жылы Сауд Арабиясы шөлінен көтерілген шаңды бұлт салдарынан Анкара қаласында құйын соққан.

Сондай-ақ оқыңыз