«Отау» бағдарламасына өтініш қабылдау аясы кеңейе түспек. Жылжымайтын мүлікке қатысты деректер нақтыланды.

Жарияланды
тұрғын үйді пайдалануға беру
«Отау» бағдарламасына өтініш беру шарттары өзгерді / kursiv.media

Енді тұрғын үйге жатпайтын жылжымайтын мүлкі, ортақ жекешелендірілген үйде үлесі бар немесе жер телімін иеленген азаматтар «Отау» бағдарламасы арқылы несие алуға өтініш бере алады. Бұл жөнінде «Отбасы банк» АҚ хабарлады.

Мемлекеттік дерекқор арқылы үй ипотекасын рәсімдегісі келетін азаматтың немесе оның отбасы мүшелерінің атынан соңғы бес жыл ішінде жылжымайтын мүліктің бар-жоғы тексерілетін. Бірақ бұл қызмет сапасы әлі күнге жолға қойылмай келген.

«Тұрғын үй» немесе «тұрғын үйге жатпайтын» жылжымайтын мүлік түрлері бойынша ақпараттың ара-жігі әлі күнге ажыратылмаған. Осының салдарынан көптеген қазақстандық «Отау» бағдарламасына қатыса алмады. Сол себепті дерекқордағы жылжымайтын мүлікке қатысты мәлімет автоматты түрде анық көрсетілмек.

Енді өз атына гараж, қойма, ауыл шаруашылығы жер учаскесін тіркеген  немесе ортақ жекешелендірілген тұрғын үйдегі үлесі бар тұтынушылардың өтінішін «Отбасы банк» кідіріссіз қабылдамақ.  

Отау бағдарлмасанының алғашқы жарнасы – 20%. Үй несиесі – 19 жылға дейін беріледі. Астана мен Алматы қалаларына 30 млн, басқа облыстарға 18 миллион теңгеден займ беріледі. «Отау» бағдарламасына «Отбасы банк» салымшылары, оның ішінде тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтар қатыса алады. Үміткердің өтінім беру сәтінде депозиттегі жинақ сомасы 1 млн теңгеден кем болмауы керек. Бағдарламаға қатысушының жасы 18-ден 63 жасқа дейін (қоса алғанда) аралығында болуы тиіс.

Бағдарлама басталғалы «Отбасы банкке» 18 729 өтінім жолданды. Бұл ретте 35 жасқа дейінгі банк салымшыларынан 68% немесе 12 687 өтінім қабылданды.

Өтінімдерді қабылдау аяқталғаннан кейін банк тізімді саралап, оны порталда жариялайды. Содан кейін үміткерлерге несиелік өтінім беру үшін шамамен 40 жұмыс күні берілетін болады. Клиентке несие беру мақұлданса, баспананы қосымша 6 ай уақыт іздей алады.

Сондай-ақ оқыңыз