Жайық өзенінің деңгейі бір тәулікте 24 сантиметрге көтерілді. Оралдағы гидробекет мәліметі бойынша, өзен деңгейі 852 метрге жетті. Бұл – дабыл қағатын көрсеткіш.
Ресейдің Орынбор облысында орналасқан Ирикла су қоймасынан Жайық өзеніне секундына 294 текше метр су жіберілуде. Су тасқыны кезеңі басталғаннан бері су жіберу мөлшері әлдеқайда азайды.
Дегенмен Орал тұсында өзен қауіпті деңгейден (850 см) асты. Қаладағы Шаған өзеніндегі су қоймасы 30,8 метрге жетті. Оған Жайық өзенінен құйылатын суға әзірше бөгеу қойылған.
Ал Жайық-Көшім жүйесіне секундына 117 текше метр су келуде. Қазіргі таңда облыстағы қоймаларға су жиналуда, көлтабандар мен табиғи шабындықтарға су жіберу басталды.
Жалпы өзен бойында 80-нен астам ауылдық елдімекен бар. Ақжайық, Бөрлі, Бәйтерек, Теректі аудандарында өзен жағалауын нығайту жұмысы жүргізілуде.
Орал қаласындағы саяжай массивтерін су басып жатыр. Құтқарушылар мен басқа да күштер түнде «Екінші саяжай» ауданында қалған тұрғындарды эвакуациялау іс-шараларын жүргізді. БҚО ТЖД-нің ресми өкілі Нұржан Төлеуіш өзен деңгейі 9 метрге дейін көтерілуі мүмкін екенін айтып, әлі күнге үйінен кетпеген саяжай тұрғындарына уақытша қосындарға тезірек көшуі керектігін ескертті. Саяжайлардағы 3 000-нан астам үйді су басқан.
БҚО төтенше жағдайлар департаменті қаланың орталық тұсындағы тұрғындардың да эвакуацияға дайын отыруы керек екенін мәлімдеген еді.