Судья Қуандық Бишімбаевтың телефонындағы видеоларды көрді
Астана сотында бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев пен оның туысы Бақытжан Байжановқа қатысты қылмыстық іс қаралып жатыр. 22 сәуірдегі сот отырысында Бишімбаев судьяға ұялы телефонының құпиясөзін берді.
Судья Айжан Құлбаева сотталушы Қуандық Бишімбаевтың телефонына қайғылы оқиға болған күні түсірілген видеоларды көріп шықты. Ол жерде Қуандық Бишімбаевтың марқұм Нүкеноваға жеке сипаттағы сұрақтар қойғаны түсірілген. Оның ішінде басқа ер адамдармен жақын қарым-қатынасы туралы сұраған сәті бар.
Алайда Қуандық Бишімбаев бұл видеоларды түсіргені есінде жоқ екенін айтып отыр. Тіпті монтаж болуы мүмкін екенін жеткізді.
«Видеоның барлығында жәбірленуші Нүкенова қара күртеше киіп алған. Оның ішінде басқа киім жоқ. (…) Көлікте түсірілген видео бар, ол жерде де жәбірленуші бір күртешемен отыр», – деді видеоны көріп отырып судья Құлбаева.
Судья Айжан Құлбаева жәбірленуші Айтбек Амангелдіге бұл видеоларды көрмеуге кеңес берді. Алайда марқұмның ағасы бұған дейін де қылмыстық іс материалдарымен танысқанын, сол күні не болғанын білу өзіне аса маңызды екенін айтты.
Астанада бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың ісі бойынша сот процесі 11 наурызда басталды. Бишімбаевқа қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігі 5-тармағы және 110-бабы 2-бөлігінің 1-тармағында көрсетілген қылмыстық әрекетті жасады деген айып тағылған.
18 сәуірдегі сот отырысында сотталушы Бақытжан Байжановтың ұялы телефонындағы деректер тексерілді. Содан кейін Бишімбаевтың телефонын зерттеу жоспарланған. Алайда Бишімбаев телефонының құпиясөзін тек өз қорғаушысына айтатынын жеткізді.
Сондай-ақ ресейлік журналист Ксения Собчак та Қуандық Бишімбаевқа қатысты сот отырысына келген.