QazaqGaz компаниясының 1 млрд доллар қарызы бар – Санжар Жаркешов
QazaqGaz Ұлттық компаниясының 1 млрд доллар қарызы бар. Бұл туралы «QazaqGaz» АҚ төрағасы Санжар Жаркешов «Jibek Joly» телеарнасына берген сұхбатында айтты.
Бұл қарыз Қытай банкінен Бейнеу-Бозой-Шымкент магистралды газ құбыры бірінші тармағының құрылысына алынған. Одан бөлек, компания отандық банктерге де берешек.
«Қазіргі уақытта шамамен 1 млрд доллар көлемінде қарызымыз бар. Бейнеу-Бозой-Шымкент магистралды газ құбырының бірінші тармағы жобасы бойынша Bank of China-ға қарызбыз. Ол негізі экономикалық өте тиімді жоба. Бұның табысы да жақсы. Соны біз қайтарып, кредиттерді жауып жатырмыз. Сондай-ақ басқа да өзіміздің жергілікті банктерге берешекпіз», – деді ол.
«QazaqGaz Ұлттық компаниясы» – отандық, сондай-ақ шетелдік газ нарығында мемлекеттің мүддеcін білдіретін негізгі газ компаниясы.
2023 жылдың мамырында компания басшысы компания ішкі нарықты субсидиялау салдарынан жыл сайын 180 млрд теңге жоғалтып отырғанын мәлімдеген. QazaqGaz өзіндік құны 24-25 теңгеге тең 1 текше метр газды ішкі нарыққа 15 теңгеден сатуға мәжбүр. Сонда әр текше метр газдан 11 теңге жоғалтып отыр.
Ұлттық экономика министрлігі QazaqGaz компаниясы Үкіметтің 2025 жылға дейінгі жекешелендіру жоспарында қалатынын мәлімдеді. Ол жоспар бойынша 2025 жылы IPO-ға шығарылуы тиіс. Компания IPO-ға шығар алдында тариф саясатын нақтылап алуы керек.
QazaqGaz жалғыз акционері – «Самұрық-Қазынаға» 2022 жыл үшін 27,1 млрд теңге дивиденд төлеген. Таза табысының қалған бөлігі – 359,6 млрд теңге компанияның иелігінде қалды. 2022 жылдың қорытындысы бойынша QazaqGaz 386,6 млрд теңге таза пайда тапқан.