Қазақстан үкіметі үй салуға үлескерлердің қаражатын тартатын құрылыс компанияларын қатаң бақылауға алуға ниетті.
«Ашық НҚА» порталында мемлекеттік деректер базасын біріктіру бойынша пилоттық жобаны іске қосу туралы Индустрия және коммуникациялар министрлігінің бірлескен бұйрығы жарияланды. Онда Үкімет әрбір үлестік қатысу шартын мемлекеттік органдардың тексеруі үшін арнайы жүйеде тіркеуді ұсынады. Жобаны талқылау 6 мамырға дейін жалғасады.
Құжатқа сәйкес, құрылыс компаниясы алдымен үлескерлердің ақшасын тартуға рұқсат немесе Қазақстандық тұрғын үй компаниясының кепілдігін алады. Алты күн ішінде ЭЦҚ пайдалана отырып, тұрғын үй кешенін тіркеуге арналған өтінішін үлестік қатысудың бірыңғай ақпараттық жүйесіне жібереді(www.qazreestr.kz). Егер құрылыс компаниясы ұсынған құжаттар дұрыс болмаса, жергілікті атқарушы орган өтінімді тіркеуден бас тарта алады.
Мемлекеттік органның мақұлдауын алғаннан кейін ғана құрылыс салушы сатып алушымен қағаз немесе электрондық нысанда үлестік қатысу шартын жасайды. Электрондық шарт мемлекеттік жүйеде немесе компанияның жеке сайтында жасалады. Мемлекеттік жүйені пайдалану кезінде үлескер ЭЦҚ құжатына қол қояды.
Келісімшарт жасасқаннан кейін құрылыс компаниясы құжатты www.qazreestr.kz сайтында электронды түрде тіркеуі керек. Мемлекеттік орган шартты және компанияны тексеріп, құрылыс компаниясы шартты дұрыс ресімдемесе немесе құжаттарды дұрыс ұсынбаса, тіркеуден бас тарта алады. Ал шарт мақұлданған жағдайда үлескердің поштасына, сондай-ақ, оның жеке кабинетіне веб-порталда құжаттың есептік жазбасы туралы үзінді көшірме келіп түседі.
2023 жылы заңсыз құрылыс салушылардың кесірінен қазақстандықтар 30 млрд теңге шығынға батқан. Осыған байланысты үлескерлік саладағы заң өзгеріп, үлескер қаржысын тартуға қойылар талап қатаяды.
Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің мәліметінше, бүгінде Қазақстанда 6,8 мың үлескердің ақшасын тартқан 44 проблемалық нысан бар. Оның ішінде Астана қаласында 16 нысан (4,1 мың үлескер), Алматыда – бір (155 үлескер), Ақмола облысында – төрт (644 үлескер), Атырау облысында – бес (470 үлескер), Ақтөбе облысында – 11 (626 үлескер), Маңғыстау облысында – алты (750 үлескер), Солтүстік Қазақстан облысы – бір (58 үлескер) нысан бой көтерген.