Ресейлік журналист Ксения Собчак азаматтық некедегі әйелі Салтана Нүкенованы ұрып өлтірді деп айыпталған Қуандық Бишімбаевқа қатысты сот отырысына келген.
Ксения Собчак қайтыс болған Салтанат Нүкенова туыстарының қорғаушылары маңына отырған. Бұрын ол жерде Нүкенованың ата-анасы отыратын. 22 сәуір күнгі отырысқа олар келмеген.
Айта кетейік, 10 сәуір күні судья Айжан Құлбаева «алқабилердің жүзін көрсетті» деген себеппен сот залынан журналистерді шығарып жіберген. 22 сәуір таңертең сот отырысы басталғанда Құлбаева алқа билер бейнесін КТК арнасы таратқанын, оларға ескерту жарияланғанын айтып, сот залына журналистерді кіргізуге қайта рұқсат берген. 22 сәуір түсте сот отырысының екінші кезеңі басталғанда, отырысқа ресейлік журналист Ксения Собчак келді.
18 сәуірдегі сот отырысында екінші күдікті Бақытжан Байжанов сотқа Нүкенова қайтыс болған күні Ресей президенті Владимир Путиннің делегациясы қылмыс болған Bau мейрамханасына келуі керек болғанын айтты. Нүкенованың туыстарының адвокаты Жанна Оразбахова сотталушыға қайта сауал қойып, 2023 жылдың 9 қарашасында кешке аталған мейрамхананың VIP-кабинасын «ресейлік делегация броньдады ма?» деп нақтылады.
«9 қарашада Ресей президенті Қазақстанға келді. Оның сапарын ұйымдастырушылар BAU мейрамханасының VIP кабинасында банкет ұйымдастырғысы келді», – деді сотталушы.
Судья Айжан Құлбаева адвокат Оразбаховадан Ресей Федерациясы президентінің делегациясы туралы сауалының іске қандай қатысы барын түсіндіруді талап етті.
«Ресей Федерациясы президентінің делегациясы келетінін білгендіктен, олар Салтанаттың денесін мейрамханадан шығара алмады», – деп жауап берді адвокат.
Судья «адвокат өз пікірін жарыссөзде айтуы керек» екенін еске салды.
«Новая газета» басылымының ақпаратына сүйенсек, Ресейде «адам өлтірді» деген айыппен сотталған әйелдердің 79%-ы тұрмыстық зорлық-зомбылықтан өзін-өзі қорғау кезінде «абайсызда қылмыс жасаған». Ресейде 2017 жылдың 7 ақпанында «Тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы» заңға өзгеріс енгізіліп, ол қылмыстық істер қатарынан шығарылып, әкімшілік іске ауысқан.
2024 жылдың 15 сәуірінде Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылық үшін жазаны қатаңдату» туралы заңға қол қойды.