Тэйлор Суифттің жақында шыққан «Мезі болған ақындар факультеті» альбомы бір күнде рекорд жаңартып, Spotify платформасындағы бір күн ішінде ең жиі тыңдалған альбомға айналды.
Көптен күткен альбом өткен жұма, 19 сәуірде, жарияланып, әлемнің түкпір-түкпіріндегі әншінің жанкүйерлерін қуанышқа бөлеген.
31 әннен тұратын альбомның көбі лирикалық әндер. Тыңдармандар әннің бірқатары әншінің бұрынғы сүйіктілеріне арналған деседі.
Алғашқы 16 трек жоспарланғандай Британия уақыты бойынша таңғы 5-те, ал қалған 15 ән бірнеше сағаттан кейін жарияланды. Бұл әншінің жанкүйерлері мен журналистерге музыкалық шок болды.
Суифт жаңа альбомды «оқиғалар, ойлар, сенсация мен мұңға толы өмірдегі бір сәттік және маңызды сезімдер көрініс тапқан жұмыстар антологиясы» деп атады. Осы ретте әнші өмірінің сол кезеңіне нүкте қойылғанын да хабарлады. «Өмірімнің сол парағы жабылды. Жара жазылған соң өштесетін, есептесетін себеп қалмады», – дейді Тэйлор.
Тэйлор Суифт 11-студиялық альбомын ақпанда өтетін «Грэммидің» марапаттау рәсімінде орындайтынын да айтты.
Бұл әншінің алғашқы рекорды емесін көпшілік жақсы біледі. Екі жыл бұрын жарық көрген «Түн ортасы» альбомы да көпшіліктің сүйікті туындысына айналып, альбом шыққан алғашқы аптада-ақ АҚШ-тың өзінде 1,6 млн данасы сатылып үлгерген еді. Одан кейін альбом «Грэмми» премиясында «Жыл альбомы» ретінде танылды. Тэйлор Суифт – «Грэммидің» «жыл альбомы» марапатын 4 рет иемденген жалғыз әнші.
Әртістің жанкүйерлері бек риза, өйткені биылғы жазға жоспарланған гастрольдік туры жаңа әндермен толықпақ.
Әншінің бұған дейінгі 10 альбомының жалпы ұзақтығы 3 сағаттан асады. Енді ол концерттерінде орындалатын әндерді қайта қарастырмақ. Бұл альбомды Тэйлор қарбаласқа толы жылда шығарып отыр. Өткен айда әншіні Forbes журналы миллиардерлер қатарына енгізген еді.