Әлия Назарбаеваға қатысты шағым Экономикалық тергеу департаментіне жолданды, ал Әнипа Назарбаева “Кенжеханды” қайтарды ма?
Алматы полициясы Әлия Назарбаеваның үстінен қылмыстық іс қозғай алмаған еді. Прокуратура бұл шешімнің күшін жойып, істі қалалық Экономикалық тергеу департаментіне берді. Бұл туралы Қазақстан баспасөз клубында өткен брифинг барысында «ТПК Азия» ЖШС иесі Нұрлан Бимурзин айтты.
Әлия Назарбаеваның үстінен рейдерлікке қатысты іс қозғалуы мүмкін
«Бұған дейін Алматы полициясы Әлия Назарбаеваның үстінен қылмыстық іс қозғай алмаған еді. Прокуратура бұл шешімнің күшін жойып, істі қалалық Экономикалық тергеу департаментіне берді. Сең қозғалды деп айтуға болады», – деді Нұрлан Бимурзин.
Сонымен қатар кәсіпкер 2003 жылы «Ескі Қазақстан» өкілі әкесінің кәсібін қалай тартып алғанын айтып берді. Оның сөзінше, Конституциялық Кеңес төрағасы Игорь Роговтың әйелі Валентина Рогова мен Әлия Назарбаев оның әкесіне тиесілі 7 мұнай базасы мен 96 жанармай құю бекетін тартып алған. Активтердің жалпы құны 170 миллион долларды құрайды.
Бұған дейін, ол құқық қорғау органдарына арыз жазған. Алайда кейін оның арызына полиция Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 179-бабына сілтеме жасап, іс қозғай алмағанын хабарлады. Енді кәсіпкер қарсы тараптың қорқытып-үркіткеніне қарамастан, марқұм әкесінің бизнесін қайтаруға бел буып отыр.
Экс-президенттің қарындасы және Барахолкадағы былық
Брифинг барысында тағы бір Назарбаев әулеті мүшесінің аты аталды. Ол экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қарындасы – Әнипа Назарбаева. «Кенжехан» базарының негізін қалаушылардың бірі Қуаныш Жаңбырбаевтың айтуынша, 1997 жылы сауда орны тұрған аумақ қоқыс полигоны болған. Кейін өзінің серіктестерімен бірге арнайы рұқсат қағаздарын алып базар ашқан.
«2001 жылы түрлі мәселелер басталды. Әнипа Назарбаева біздің үстімізден құжат жасап, түрлі айла-тәсілдермен базарды тартып алды. Осыдан соң, мәселенің әділ шешімін сұрап Нұрсұлтан Назарбаевқа жүгіндік. Алайда оның адамдары барлығын реттейміз деп, істі «жылы жауып» аяғына дейін жеткізген жоқ. Ал «қаңтар оқиғасынан» кейін Әнипа Назарбаевамен кездестік. Ол маған компания үлесін беретінін айтты. Бірақ кейін ол базарды қызына тиесілі компанияға 640 млн теңгеге сатқаны белгілі болды», – дейді кәсіпкер.
Қуаныш Жаңбырбаевтың айтуынша, базардың жаңа қожайыны саудагерлерге контейнерлерін қайтадан 325 мың теңгеден сатып алуды талап еткен.
«Бұл саудагерлерге жасалып отырған геноцид. Сауда жасап отырған адамдарға бір контейнерді бірнеше рет қайта сатып қанап отыр. Адал еңбек етіп жүрген халықты адам демейді. Сол үшін бұл істі соңына дейін жеткізіп, мәселені заң бойынша шешу керек», – деді «Кенжехан» базарының негізін қалаушылардың бірі.
Еске сала кетсек, былтыр мәжілісмен Нартай Аралбайұлы премьер-министрдің орынбасары-Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев пен Бас прокурор Берік Асыловқа жолдаған депутаттық сауалында осындай мәлімдеме жасады.
Оның айтуынша, экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қарындасы Әнипа Назарбаева Алматыдағы «Кенжехан» базарындағы бір орында 10 мың долларға сатқан.
«Барахолкадағы саудагерлерден депутаттардың атына келген мына арызға сүйенсек, соңғы 10 жылға жуық уақытта «Кенжехан» базарының иесі Назарбаева Әнипа Әбішқызы болған делінеді. Оның жанындағы адамдар базардағы әр сауда орнын 10 мың долларға сатқан. Алайда сату-сатып алу жөніндегі келісімшартты жасамай, тек контейнердің паспортын берген. Келісімшарт талап еткен жандарды «біз базарға мәңгі иелік етеміз, уайымдамаңдар!» деп қайтарған. Саудагерлердің дерегінше, аталған базарда бір мыңға жуық контейнер бар. Әрі қарай есебін шығара беріңіздер», – деді мәжілісмен.
Депутат қолындағы арызда жазылған ақпаратқа сүйеніп, 2022 жылғы 4 сәуірде «Кенжехан» базарының 100% үлесі «Митра «консалтинг» ЖШС мен Розенберг Е.М. деген азаматқа өткенін мәлімдеді.
«Бұл базар 640 млн теңгеге сатылды делінеді», – деді Нартай Аралбайұлы.
Бұған дейін, Әнипа Назарбаева иеленіп алған колледж мемлекет меншігіне қайтарылды.