Kaspi.kz-тің бірінші тоқсандағы кірісі 40%, таза пайдасы 28% өсті. Бұл туралы компанияның бірінші тоқсан қорытындысы туралы есебінде жарияланды.
Компанияның барлық қызметі өсім көрсеткен. Тоқсан қорытындысы негізіндегі болжамға сәйкес, 2024 жылы шоғырландырылған таза пайда 2023 жылмен салыстырғанда шамамен 25%-ға өседі.
Компанияның нарықтық айналымы бір жылмен салыстырғанда 62%, түсімі 108% өсім көрсеткен. Интернет дүкенінің таза кірісі бір жылмен салыстырғанда 76% өсті.
Өткен жылдың шілде айында Kaspi.kz Baring Vostok Private Equity Fund V-тің жанама еншілес ұйымынан Kolesa Group-тың 39,76 пайызын сатып алу туралы келісім жасағаны белгілі болды. Сатып алу құны 88,5 миллион долларды (шамамен 39 миллиард теңге) құрады.
«Kolesa.kz-ті сатып алғаннан кейін, автомобиль өнеркәсібіне назар аудардық, бұл ең көп қаржы жұмсалатын салалардың бірі деп есептейміз. 2023 жылы 1,9 миллион көлік тіркелген, бұл мақсатты нарық екенін көрсетеді. Kolesa.kz бізге көлік сату платформасын ұсынады және біздің стратегиямыздың басым бағыты. Біз қазір көліктерді сату, сатып алу және оларға қызмет көрсету кезінде бірінші дәрежелі тұтынушы тәжірибесін қалыптастыруға ұмтылудамыз», – делінген Kaspi.kz есебінде.
2024 жылдың бірінші тоқсанында Kaspi дүкендегі сатылым 125%-ға, ал белсенді тұтынушылар саны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 84%-ға өсіп, 566 мыңды құрады.
Есепте 2024 жылдың өткен тоқсанындағы шоғырландырылған қаржылық нәтижеге сүйене отырып, директорлар кеңесі акционерлердің мақұлдауымен бір қарапайым акцияға 850 теңге мөлшерінде дивиденд төлеуді ұсынатыны атап өтілген.
Сәуір айының ортасында Kaspi.kz финтех компаниясының басшысы және тең құрылтайшысы Михаил Ломтадзе, сондай-ақ тағы екі ірі акционер – Вячеслав Ким және Baring Funds қоры холдингтегі өз үлестерін азайтқаны белгілі болды.
Еске сала кетсек, қаңтарда Kaspi.kz тобының негізгі акционерлері бағалы қағаздарын америкалық NASDAQ биржасында орналастырды. Онда финтех компания шамамен 1 млрд доллар табыс тапты.
Аталған көрсеткіш компанияның Лондон қор биржасындағы (LSE) депозитарлық қолхаттары бағасына негізделген болжамнан 127 миллион доллар артық.