Кеңес Рақышев пен Әсел Тасмағамбетова су тасқынынан зардап шеккендерге көмек ретінде 1,2 млрд теңге бөлді
Кеңес Рақышев пен Әсел Тасмағамбетова су тасқынынан зардап шеккендерге көмек ретінде 1,2 млрд теңге жіберді. Бұл жайлы «Сәби» қайырымдылық қорының баспасөз қызметі хабарлады.
«Табиғи апатқа тап болған барша қазақстандыққа өз қолдауымызды білдіреміз. Бір елде тұрып жатқан соң қайғымыз да ортақ. Менің туған жерім Атырау облысының аудандары да су басу аймағында болды. Жағдайды ұдайы бақылап, апаттың ауқымын түсіне отырып, су тасқынынан зардап шеккен өңірлердің әлеуметтік инфрақұрылымын қалпына келтіруге 1,2 миллиард теңге бөлу туралы шешім қабылдадық», – деп мәлімдеген Әсел Тасмағамбетова.
Қор хабарламасында еліміздің көптеген өңірі су тасқынынан зардап шеккені себепті ел меценаттары әлеуметтік инфрақұрылымды қалпына келтіруге 1 млрд теңге аударғаны айтылған.
Сондай-ақ 9 миллион теңге көмекті Шоқан Уәлиханов атындағы жеке мектептің оқушылары қайырымдылық жәрмеңке барысында жинаған.
«Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, біз ортақ күш-жігермен ең қиын жағдайдың да шешілетініне, табиғат апатының тез арада сейіліп, жаңа үйлер бой көтеріп, еліміз бұдан да нығайып, бірлігі арта түсетініне шын жүректен сенеміз», – дейді қор басшысы.
Айта кетейік, «Сәби» қайырымдылық қорын 2002 жылы ерлі-зайыптылар Кеңес Рақышев пен Әсел Тасмағамбетова құрған. Қор 22 жыл қызмет еткен уақыт ішінде медицина, білім, мәдениет және спорт салаларында 10-нан астам жүйелі республикалық жобаларды жүзеге асырған.
«Сәби» қайырымдылық қоры Ақтау, Атырау, Семей, Петропавл және Алматы қалаларында жоғары технологиялық жедел балалар хирургиясы бөлімшелерін ашқан. Сондай-ақ Астана мен Алматының халық тығыз орналасқан аудандарында қалаға жаңа мектептер салған. 14 облыста спорттық ойын кешендерін ашып, Қазақстанның барлық аймақтарында «Инватакси» қызметін ұйымдастырған. Ал Қызылорда мен Ақтөбеде жетім балаларға арналған мамандандырылған мекемелер салып, Қазақстанның бірқатар облыстарында робототехника орталықтарын ашқан.
Еске сала кетсек, «Курсив» 2024 жылғы 18 сәуірдегі деректер негізінде арнайы инфографика жасады. Әзірленген инфогарфикада қазақстандық компаниялардың елдегі су тасқынына байланысты зардап шеккендерге арнап, қанша қаражат бөлгені жайлы толық ақпарат көрсетілген. Ондағы кестеден KazMinerals тобының 40 млрд теңге, Тимур Құлыбаевтың 30 млрд теңге бергенін көруге болады. Кестемен толығырақ мына сілтеме арқылы таныса аласыздар.