Үкімет Қазақстанға бір реттік пластикалық өнімдерді кіргізуге тыйым салу мәселесін қарастырып жатыр

Жарияланды
бір реттік пластик
Бір реттік пластиктерді өндіруге және кіргізуге тыйым салынуы мүмкін / Фото: коллаж kursiv.media

Қазақстанға бір реттік пластиктерді кіргізуге тыйым салынуы мүмкін. Бұл жайлы Премьер-министр Олжас Бектеновтің депутаттар сауалына берген жауабында айтылған.

Бектенов өз жауабында қалдықтарды пайдалануды барынша азайту мақсатында Еуразиялық экономикалық комиссия шеңберінде бір реттік пластиктерді елге әкелуге тыйым салу мәселесі зерттеліп жатқанын айтқан.

«Бір рет қолданылатын полимерлі өнімдердің жекелеген түрлерін әкелуге және өндіруге кезең-кезеңімен тыйым салуды енгізудің орындылығы бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілуде», – делінген жауапта.

Сонымен қатар Үкімет басшысы БҰҰ-мен пластикалық ластанумен, оның ішінде теңіз ортасындағы ластанумен күресу бойынша құқықтық міндетті халықаралық шартты әзірлеу бойынша келіссөздер жүргізіліп жатқанын жеткізді.

Айтуынша, келіссөздердің келесі раунды осы жылы Канадада өтеді. Келіссөздерге сәйкес бұған қатысты жұмыстарды аяқтау 2024 жылдың соңына дейін аяқталады.

«Бұл құжат экологиялық және тұрақты саясат арасындағы экологиялық тиімді тепе-теңдікті дамытуды ескере отырып қарастырылған. Жоғарыда аталған құжаттарды талқылауды ескере отырып, елімізде пластмасса қалдықтарын пайдалануды барынша азайту шаралары әзірленетін болады», – дейді Бектенов.

Олжас Бектенов сонымен бірге жергілікті атқарушы органдармен келісе отырып, қалдықтарды жинау, сұрыптау және өңдеу бойынша 232,2 млрд теңгеге 94 жоба әзірленетінін, оның 46,4 млрд теңгесін жеке инвестиция құрайтынын жеткізді.

Осыған орай Үкімет коммуналдық қалдықтарды басқару саласындағы инфрақұрылымды дамыту үшін қоқыс шығаратын көліктерді сатып алуға, сұрыптау желілерін алуға және қайта өңдеуге бағытталған қалдықтарды кәдеге жарату төлемдері арқылы қалдықтарды басқару саласындағы жобаларды жеңілдікпен қаржыландыру тетігін бекіткен. Оған сәйкес қаржыландыру 3 %-дық мөлшерлемемен және 3 жылдан 15 жылға дейінгі несие мерзімімен Индустриалды даму қоры арқылы жүзеге асырылатын болады. Бұл шараларға бөлінген қаражаттың жалпы сомасы 200 млрд теңгеге жуықтаған.

Айта кетсек, Экология және табиғи ресурстар министрлігі қазіргі таңда министрліктің бюджетінен Семей қаласында қатты тұрмыстық қалдықтар полигонының құрылысына – 2 млрд 313 млн теңге, Атырау қаласындағы қолданыстағы қатты тұрмыстық қалдықтар полигонын рекультивациялауға – 1 млрд 477,1 млн теңге, Алматы облысының Қонаев қаласында сұрыптау желісі бар қатты тұрмыстық қалдықтар полигонының құрылысына – 900 млн теңге бөлудің заңдылығы мен орындылығы мәселесін талқылап жатыр.

Ал мұның алдында Экология министрі  Ерлан Нысанбаев Қазақстанда жалпы құны 170 млрд теңгеден асатын 37 қоқыс өңдеу зауыты салынатынын айтты. Министрдің айтуынша, қазіргі таңда министрлік 45 жобаны пысықтаған. Оның 37-сі жаңа зауыттың құрылысы болса, 8-і жұмыс істеп тұрған зауыттардың қуаттылығын арттыруды көздейді. Жобалардың жалпы қуаттылығы жылына 1,2 млн тоннадан асады. 

Сондай-ақ оқыңыз