Жамбыл облысында жауын-шашын салдарынан өзендерде су деңгейі көтеріледі – Қазгидромет
Алдағы үш күнде Жамбыл облысында жауын-шашын көп болады. Салдарынан өңірдегі өзендерде су деңгейі көтерілуі мүмкін. Бұл жайлы «Қазгидромет» РМК баспасөз хатшысы Алина Исмагулова айтты.
«Қазақстан аумағының басым бөлігіне атмосфералық фронталды бөліктер әсер ететін болады – найзағаймен жаңбыр жауады. Жел күшейіп, оңтүстікте дауыл, шаңды дауыл күтіледі. Тек еліміздің солтүстік-батысында, киыр солтүстігінде және орталығында жауын-шашынсыз ауа райы күтіледі», – дейді Исмагулова.
Ол онымен бірге 23-26 сәуір аралығында қатты жаңбырға байланысты Жамбыл облысының таулы және тау етегіндегі аймақтарында өзендерде су деңгейінің көтерілуі күтілетінін айтты.
Жайықтың жағдайы
Айта кетейік, БҚО-да жағдай қиын. «Қазгидромет» хабарлауынша, 25-26 сәуірде Жайық өзенінде су деңгейі 9 метрге дейін көтерілуі мүмкін. Өңірлік ТЖД ресми өкілі Нұржан Төлеуіштің айтуынша, жағдай күрделі, Жайық бойындағы 84 елдімекенге тасқын су қаупі төніп тұр.
ТЖД өкілінің айтуынша облысқа қосымша күш-құралдар жіберілген. Олар Орал қаласы мен төрт аудан бойынша жұмыстарға жұмылдырылған.
«Қазіргі таңда Жайықтың бойында орналасқан 84 елдімекенде қауіп сейілген жоқ. Сондықтан Жайықтың жағасын көтеру, нығайту, бөгеттерді қалыңдату, қапшықтарды толтыру жұмыстары, сондай-ақ халықты құлақтандыру, үйлерді аралау және алдын ала эвакуациялау жұмыстары әлі күнге дейін жүргізіліп жатыр», – дейді ТЖД өкілі.
Өткен тәулікте Шаған өзенінің бойында орналасқан Стеновик бау-бақша серіктестігінде 61 адам эвакуацияланған. Құлақтандыру жұмыстары әр 2 сағат сайын телерадио арқылы жүргізілуде. Сонымен бірге құтқарушылар СМС-хабарламалар жіберіліп жатқанын әрі әлеуметтік желілерде күнделікті ақпарат жарияланатынын айтты. Олар тұрғындарға қауіпсіздік шарттарын орындау қажет екенін ескертті.
Сондай-ақ өңірде жалпы 13 880 адам эвакуацияланған. Оның 2300-ден астамы эвакуациялық пунктерде орналасқан.
Жайық өзеніндегі су деңгейі 21 сәуір күні қауіпті деңгейден асқаны хабарланды. Оралдағы гидробекет мәліметі бойынша, өзен деңгейі 852 метрге жетті. Ресейдің Орынбор облысында орналасқан Ирикла су қоймасынан Жайық өзеніне секундына 294 текше метр су жіберілуде. Су тасқыны кезеңі басталғаннан бері су жіберу мөлшері әлдеқайда азайды.