Фитосанитариялық қызмет Ресейден әкелінген қызанақтардан қауіпті вирус тапты. Өсімдіктер карантині жөніндегі мемлекеттік инспекторлар 2700 дана пакеттегі қызанақтың тұқымдары қауіпті вируспен залалданғанын анықтады.
«Астана темір жол» ФББ өсімдіктер карантині жөніндегі мемлекеттік инспекторлармен карантиндік фитосанитариялық бақылау қадағалау жұмыстарын жүргізу барысында Ресей Федерациясы аумағынан әкелінген 108 орын немесе 2700 дана болатын бума пакетте қызанақтың тұқымдары қауіпті вируспен залалданғаның анықтады. Өнімді елорда аумағына енгізуге тыйым салынды және «НТП Kazecotech» компаниясының мамандандырылған пешінде өртеу әдісімен жойылды»,- деп хабарлады агроөнеркәсіптік кешеніндегі мемлекеттік инспекция комитеті.
Агроөнеркәсіп кешеніндегі аумақтық инспекциясы мамандарының айтуынша, қызанақтың қоңыр қатпарлы вирусы (тобамовирус, ToBRFV) тұқымдарда сақталады және байланыс арқылы оңай таралады. Бұл вирустың адам денсаулығына зияны жоқ, алайда Solanaceae тұқымдас барлық дақылды зақымдайтын қауіпті патоген. Вирус жаппай таралған жағдайда өнімнің 80% ға дейін жойылуы мүмкін.
Аталған факті бойынша өнім иесіне Әкімшілік құқық бұзу туралы кодекстің 400-бабы 2-бөлігінің 1-тармағы негізінде әкімшілік іс қозғалып, 103 376 теңге айыппұл салынды.
«Сондай-ақ Кенияда өсірілген батыс гүл трипсі карантиндік объектісімен залалданған 1320 дана раушан, хризантема және гипсофила гүл кескіндері де өртеу әдісімен жойылды. Кодекстің 400-бабы 2-бөлігінің 1-тармағы негізінде әкімшілік істер қозғалып, өнім иесіне 251 056 теңге айыппұл салынды», – делінген ведомство таратқан мәліметте.
Мамандардың айтуынша, аталған зиянкес 250-ден астам өсімдік түрін зақымдайды. Оның ішінде жеміс-жидек, көкөніс пен гүлдер бар. Зиянкес өсімдіктік жасуша шырындарымен қоректенеді, жаппай таралған кезде өсімдікті солдырып тынады. Бұл зиянкес те қызанақтың қауіпті вирустарын да тасымалдаушы болып есептеледі.
Ресейден келетін азық-түлік өнімдері мұқият тексеріледі
Еске салайық, бұған дейін Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Ресейден келетін азық-түлік өнімдерін мұқият тексеру керегін ескерткен еді. Ол Ресейден Қазақстанға азық-түлік тауарлары оңай кіретінін, ал Қазақстаннан өтетін тауарлар кезек күтіп бірталай күн күтіп қалатынын айтты. Сенат төрағасы Сауда және интеграция министріне шекараның «екі бағытта да жүретін көше» екенін, сол себепті Қазақстанға өтетін тауарлар да дәл солай егжей-тегжейлі тексерілуі керектін ескертті.
«Біз жақында әріптестерімізбен өңірлерді араладық. Мен өзім Атырау облысында болдым. Сондағы бір кездесуде кәсіпкерлер Ресейге азық-түлік жеткізу тәртібінің күрделі екенін айтты. Олар 15-20 күнге дейін түрлі тексерістерден кейін ғана, Ресейге өтеді екен. Демек біздің азық-түлігіміз мұқият тексерілетін болса, неге біздің елге келетін азық-түлікке дәл сондай деңгейде ветеринарлық, санитарлық, фито-санитарлық және тағы да басқа қадағалау жүргізілмейді? Иә, дұрыс азық-түлік тексерілуі керек. Өйткені оның адам денсаулығына тікелей әсері бар. Қазіргі таңда түрлі қоспалар мен дәрілік заттар бар. Сондай зиянды заттарды жосықсыз өндірушілер ауылшаруашылық азық-түліктің өндірісіне пайдаланбасына кім кепіл?! Егер біздің әріптестеріміз тексеріп жатса, біз де тексеруіміз керек емес пе? Бұл жерде жалпы паритет мәселесі көтеріліп отыр және ең бастысы – біздің халқымыздың денсаулығына зиян келмеуін қамтамасыз ету керек»,- деді Сенат төрағасы.
Министр Мәулен Әшімбаев көтерген бұл мәселеге қатысты жұмыс өткен жылдан бері жүргізіліп жатқанын, осы жылдан бастап шекарадағы өңірлер тексерілетінін айтты.