QazaqGaz Ұлттық компаниясы 2023 жылы 325,8 млрд теңге шоғырландырылған таза пайда тапқан. Соның 22,8 млрд теңгесін немесе 7 пайызын акционеріне дивиденд ретінде төлейді. Компанияның жалғыз акционерінің шешімі мен қаржы есебі Қазақстан қор биржасының сайтында орналастырылған.
Былтыр QazaqGaz жалғыз акционері – «Самұрық-Қазынаға» дивиденд ретінде 27,1 млрд теңге төлеген еді. Бұл 2022 жылы тапқан 386,6 млрд теңге таза пайданың 7%-ын құрайды.
Биыл 1 қарапайым акция үшін 60,89 теңге дивиденд төленеді. 22,8 млрд теңге «Самұрық-Қазына» қорының есепшотына шешім қабылданған күннен бастап 5 тәулік ішінде аударылады. Ал таза табысының қалған бөлігі – 303,04 млрд теңгесі бөлінбеген күйде қалдырылған.
QazaqGaz компаниясының жиынтық активі бір жылда 372 млр теңгеге артып, жалпы 3,5 трлн теңгені құраған. 2022 жылы бұл көрсеткіш 3, 1 трлн теңгеге тең болған. Капитал көлемі 2,5 трлн теңгені құраса, міндетемелері 1 трлн теңгеден асады.
Компания 2023 жылы 325,8 млрд теңге таза пайда тапқан. Бұл 2022 жылғы көрсеткіштен 60,7 млрд теңгеге кем. Аудиторлық есепте 2023 жылғы кірісінің азаюына Өзбекстаннан Ресейге ортаазиялық газдың транзиті тоқтауы себеп болғаны жазылған. Компания Орта Азия елдері өнімін солтүстіктегі көршіге жеткізіп отырған.
Дегенмен 2023 жылы топ Ресей газын Өзбекстанға тасымалдау туралы келісімге қол қойған. Сонымен қатар ішкі нарықтағы дефицитті жабу үшін Ресейден газ сатып алынған. Нәтижесінде Ресей газы 2023 сатып алынған газдың 35 %-ын құраған.
2024 жылдың ақпан айында Fitch агенттігі компания рейтингін «BBB-«тан «тұрақты» деген болжаммен «BB+» деңгейіне түсіріп тастады. Оған Орта Азиядан Ресейге газ транзитінің тоқтауы, Қазақстандағы газ тұтыну көлемі өсе тұра, шығынға ұшырататын ішкі тариф себеп болған.
Компания ішкі нарықты субсидиялау салдарынан жыл сайын 180 млрд теңге жоғалтып отырғанын мәлімдеді. QazaqGaz өзіндік құны 24-25 теңгеге тең 1 текше метр газды ішкі нарыққа 15 теңгеден сатуға мәжбүр. Сонда әр текше метр газдан 11 теңге жоғалтып отыр.
QazaqGaz – отандық, сондай-ақ шетелдік газ нарығында мемлекеттің мүддеcін білдіретін негізгі газ компаниясы. Қазіргі кезде құрамында 9 еншілес компания бар. Сонымен қатар, 4 компанияда қатысу үлесіне ие.
Компания төрағасы Санжар Жаркешов ұлттық компанияның 1 млрд доллар қарызы бар деген болатын. Бұл қарыз Қытай банкінен Бейнеу-Бозой-Шымкент магистралды газ құбыры бірінші тармағының құрылысына алынған. Одан бөлек, компания отандық банктерге де берешек.