«Ешкіммен байланысымыз жоқ»: Собчак қазақстандық БАҚ-та өзіне қарата айтылған сынға жауап берді

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
собчак
Собчак өзіне қарата айтылған сынға жауап берді Фото: ҚР Жоғарғы соты

Ресейлік журналист Ксения Собчак Қуандық Бишімбаевтың сотында өзіне «басымдық беріліп, жағдай жасалғаны» туралы қазақстандық БАҚ-та айтылған сынға жауап берді. Журналист өзін тараптардың бірі шақырғанын жоққа шығарады.

Собчак пен оның командасы Астанаға келіп, Бишімбаевтың сотына қатысқан болатын.

«Бізді сотқа қорғаушы немесе айыптаушы тарап шақырған жоқ. Мен Жоғарғы Сот арқылы тіркелдім, менің командам Жоғарғы соттың баспасөз хатшысымен байланыста болды. Олар бізді қайда отырғызды, сол жерде отырдық», – деді Собчак өзінің Telegram-каналында.

Оның айтуынша, командасы Бишімбаев ісі туралы сот басталғалы жариялап келеді екен.

«Бұл туралы үлкен сюжет түсіріп жатырмыз және тәуелсіз журналистер ретінде процесті жариялап жатырмыз, ешкіммен байланысымыз жоқ», – деп жазады ол.

Ксения Собчак 22 сәуірде Салтанат Нүкенованың өліміне қатысты сот отырысына қатысты. Ол марқұмның туыстарының қорғаушылары маңына отырған. Бұрын ол жерде Нүкенованың ата-анасы отыратын. 22 сәуір күнгі отырысқа олар келмеген.

Айта кетейік, 10 сәуір күні судья Айжан Құлбаева «алқабилердің жүзін көрсетті» деген себеппен сот залынан журналистерді шығарып жіберген. 22 сәуір таңертең сот отырысы басталғанда Құлбаева алқа билер бейнесін КТК арнасы таратқанын, оларға ескерту жарияланғанын айтып, сот залына журналистерді кіргізуге қайта рұқсат берген.

Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Бишімбаев сотына Ксения Собчактың келуіне қатысты пікір білдіріп, «мән-жайды анықтаймын» деді.

Сондай-ақ оқыңыз