Жаңалықтар

Су тасқынынан зардап шеккендерге көмектесу үшін ірі бизнесмендер бөлген қаржы қалай жұмсалады

Су тасқынынан зардап шеккендерге көмектесу үшін ірі бизнесмендер бөлген қаржы қалай жұмсалады / коллаж kursiv.media

Су тасқынынан зардап шеккен қазақстандықтарға көмектесу үшін Forbes тізіміндегі бизнесмендер бөлген қаржы тұрғын үй салуға жұмсалады. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз алаңында журналистер сұрағына жауап бергенде Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев айтып берді.

«Көп кәсіпкер әлеуметтік жауапкершілігін сезініп, қаражат бөліп жатыр. Ең алдымен, құрылысқа кәсіпкерлердің көмегін жұмсаймыз. Одан кейін республикалық бюджеттен резерв бар, осы резервтің қаражатын бөлеміз. Содан кейін жергілікті бюджеттен қаржы бөлеміз», – деді. 

Министр аймақтарда тұрғын үй салу жұмысын бір қаржы көзінен қаржыландыру мүмкін емес екендігін айтты. Үкімет құрылысқа қаржыны нақты қайдан бөлу керек екендігін білу үшін алдымен шығынды есептеу жұмыстарын аяқталуын күтуге мәжбүр екенін айтты.

«Ең алдымен, технологиялық тексеру жасауымыз керек. Қандай үйлер жарамсыз? Қай үйлер жөндеуге келеді? Осы жұмыстың нәтижесі бойынша қанша қаражат керек болатынын білеміз», – деді министр. 

Ол дәл қазір тұрғындарға төленетін өтемақы үкіметтік резервтен шығарылып жатқанын айтты. Бұдан бөлек, министр бизнесмендер бөлген ақшаның қалай басқарылатыны әлі нақтыланбағанын атап өтті.

«Қазіргі таңда Forbes тізіміндегі үлкен кәсіпкерлер қолдау көрсетіп жатыр. Оларды басқару қаражатты қалай бергеніне байланысты. Егер олар қаражатты тікелей құрылысқа бағыттаса, бір механизм болады. Ал қаражатты Қазақстан халқына қорына берсе, басқа механизм болады. Біз механизмді анықтап, болашақта айтатын боламыз», – деді министр.

Әртүрлі қазақстандық компаниялар мен қайырымдылық қорлары су тасқыны салдарын жоюға қаржы бөлуде. «Курсив» 2024 жылғы 18 сәуірдегі деректер негізінде арнайы инфографика жасаған.

Еске сала кетсек, наурызда еліміздің бірнеше аймағын су басты. Тұрғындар эвокуацияланып, қауіпсіз жерге көшірілді. Мәжіліс депутаттары зардап шеккен шаруалардың ауыл шаруашылығы мақсатында алған несиелерін төлеуді 3 жылға дейін шегеруді ұсынды.