Салымшылардан 158 млн теңге ұрлаған қаржы пирамидасының басшысы 5 жылға бас бостандығынан айырылды

Жарияланды
General News бөлімінің редакторы
Салымшылардан 158 млн теңге ұрлаған қаржы пирамидасының басшысы 5 жылға бас бостандығынан айырылды / коллаж kursiv.media

Астана қаласында салымшылардың 158 млн теңге ұрлаған қаржы пирамидасының басшысы 5 жылға бас бостандығынан айырылды.

Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты қаржы пирамидасының құрылымдық бөлімшесін басқарған азаматты 5 жылға бас бостандығынан айырды.

Сот ақпаратына сүйенсек, 2019 жылы пирамида басшысы жеке тұлғалардың ақшасын кәсіпкерлік қызметке пайдаланбай кіріс алу мақсатында «Hermes Ltd» өнімі бойынша «Life is good» қаржы пирамидасының құрылымдық бөлімшесін басқарған.

«Сотталушы бағдарлама салымшыларынан қаражат тарту мақсатында ай сайын салымшыларға сыйақы беруге уәде берген. Осылайша, ол жалпы сомасы 158 млн теңгеден асатын 17 азаматтың қаражатын тартты», – делінген сот хабарламасында.

Сот оны Қылмыстық кодекстің 217-бабы 3-бөлігі бойынша кінәлі деп таныды және 5 жыл мерзімге азаматтардың қаражаты мен инвестицияларды тартуға байланысты қызметпен айналысу құқығынан айыра отырып, 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. ҚК-нің 63-бабының негізінде тағайындалған жаза 5 жыл мерзімге пробациялық бақылау белгілей отырып, шартты деп танылды.

Еске салайық, Алматының апелляциялық сот алқасы Mudarabah Capital деген қаржы пирамидасын құрушыларға қатысты үкімді өзгеріссіз қалдырды. Ақпаратты Алматы қаласы сотының баспасөз қызметі растады.

Қылмыстық іс бойынша 10 адам сотталған еді. Оның ішінде вайнер Мейіржан Төребаев пен Мейірхан Шерниязов та бар.

Сот үкімімен:
Алмас Құрманғалиев 14 жылға бас бостандығынан айырылды;
Дания Рахимова 10 жылға бас бостандығынан айырылды;
Ержан Мансұров 9 жылға бас бостандығынан айырылды;
Ерлан Мансұров 9 жылға бас бостандығынан айырылды;
Руслан Бұрқанов (Mudarabah Capital ЖШС директоры) 12 жылға бас бостандығынан айырылды;
Нұрлан Сұлтанбаев 8 жылға бас бостандығынан айырылды;
Андрей Ча 8 жылға бас бостандығынан айырылды;
Самат Қасенов 8 жылға бас бостандығынан айырылды;
Мейіржан Төребаев 5 жылға бас бостандығынан айырылды;
Мейірхан Шерниязов 5 жылға бас бостандығынан айырылды.

Бұған дейін Маңғыстау облысында қаржы пирамидасын құрушы 1 млрд теңгеден астам шығын келтіргенін жаздық

Маңғыстау облысында салымшыларға 1 млрд теңгеден астам шығын келтірген «Капитал мечты» қаржы пирамидасына қатысты іс сотқа жіберілді.

Ұйымдастырушы «Капитал Мечты» ЖШС қаржы пирамидасын құрып, басшылық еткені. Сондай-ақ ол мүлікті сенімгерлік басқару және ай сайын салынған ақшаның 10 пайызын төлеп отыру шарты негізінде салымшыларды тартқан. Сөйтіп қылмыстық әрекет нәтижесінде салымшыларға 1 млрд теңгеден астам шығын келтірген. Қаржы пирамидасының басшысына қатысты «күзетпен ұстау» түріндегі бұлтартпау шарасы санкцияланды. Қылмыстық іс сотқа жіберілді. 

Сондай-ақ оқыңыз