Ресейде кітаптардың мағынасын қадағалау кеңесі құрылды
Ресей Федерациясында кітаптардың мағынасын тексеріп, оны қадағалауға байланысты мемлекеттік кеңес құрылды.
DW ақпаратына сүйенсек, Сараптамалық кеңес жария болған кітаптардың Ресей Федерациясының заңдарына сәйкес келу\келмеуін анықтауы қажет. Қазірдің өзінде кеңестің ұсынысы бойынша Сорокин, Каннингем және Болдуин сынды авторлардың кітаптарының сатылымы тоқтатылған.
Ресей өз елінде жарияланған кітаптардың қолданыстағы заңнамаға сәйкес келетіндігін анықтайтын сараптамалық орталықты Федерациялық кітап одағының базасында құрған. Оның құрамына Роскомнадзор, Ресей тарихи қоғамы, Ресей әскери-тарихи қоғамы, Орыс православие шіркеуі, Ресей мұсылмандары діни басқармасы, Ресейдің еврей қауымдастықтары, Ресей заңгерлер қауымдастығы, Ресей білім академиясы, А.М. Горький атындағы әдеби институты және басқа мекемелердің өкілдері кірген.
Бұдан бөлек, сараптамалық кеңес оқу, нормативтік және ресми кітаптардан басқа барлық кітаптарда ЛГБТ «насихаттау» туралы заңдардың бұзылуын анықтаумен айналысады. Кітаптарды сатылымнан шығару туралы түпкілікті шешімді баспагер қабылдайтыны анықталған.
Кеңес ең алдымен Владимир Сорокиннің «Мұра», Майкл Каннингемнің «Ғаламның шетіндегі үй» және Джеймс Болдуиннің «Джованни бөлмесі» романдарын сатуды тоқтатқан. Себеп ретінде романдарда «Ресей Федерациясының заңнамасына сәйкес таратуға тыйым салынған ақпарат» табылғаны жазылған. Нақты қандай ақпараттың сөз болғаны туралы айтылмаған.
2023 жылы Ресейде шенеуніктердің ресми баяндамалар мен ресми құжаттарда шет тіліндегі сөздерді қолдануына тыйым салынған. Тиісті федералдық заңға Ресей президенті Владимир Путин қол қойды. Бұл заң орыс тілін өзге тілдердің ықпалынан қорғауы керек деп жазылған. Орыс тілінде баламасы жоқ сөздер тізімі арнайы сөздіктерде берілетін болған.