Жаңалықтар

АҚШ Ресеймен жұмыс істеген Қытай банктеріне санкция салуы мүмкін – The Wall Street Journal

АҚШ қытайлық банктерді жаһандық қаржы жүйесінен ажырата ма? / Архив: kursiv.media

АҚШ кейбір қытайлық банктерді жаһандық қаржы жүйесінен ажыратуы мүмкін. Бұл мақсатта қазір санкциялар әзірлеуде. Ресми Вашингтон бұл шектеу Бейжің Ресей әскери өнеркәсібіне қолдау көрсетуді тоқтатуға мәжбүр етеді деген болжам жасады, деп хабарлайды The Wall Street Journal (WSJ) жеке дереккөздеріне сілтеме жасап.

«Қытай тарапының көмегі Мәскеуге өзінің әскери-өнеркәсіптік әлеуетін қалпына келтіруге мүмкіндік берді. Өйткені Қытай Ресей Федерациясына электронды схемаларды, ұшақ бөлшектерін, машиналарды жеткізеді. Банктер Ресейге коммерциялық экспортта негізгі делдал ретінде қызмет етеді, төлемдерді өңдейді және клиенттік компанияларға сауда несиесін береді», – деп жазды басылым.

Дегенмен Құрама штаттар шенеуніктері дипломатиялық келіссөздер Бейжіңді Ресей Федерациясына экспортты шектеуге көндіре алмаған жағдайда банктерге қарсы санкциялар салуға тура келетінін жеткізді.

WSJ хабарлауынша, АҚШ шенеуніктері соңғы апталарда жеке кездесулері барысында Бейжіңге қысымды күшейтіп, Вашингтонның қос мақсаттағы тауарлардың саудасымен айналысатын Қытай қаржы институттарына қарсы шара қолдануға дайын екенін ескертті.

Мақала авторлары Құрама штаттар билігі Қытай тарапымен қалыптасқан «дипломатиялық қатынасқа» нұқсан келмейтініне үміттенеді, деп атап өтті.

«Ал қытайлық банктердің долларға қолжетімділігін шектеу қалыпты санкцияларға қарағанда әлдеқайда жылдам әсер етеді. Бұл соңғы шара ретінде пайдаланылады. Себебі бұл несиелік мекемелерді банкроттыққа әкеліп, Қытай үшін ерекше қауіп төндіреді», – деп хабарлады WSJ.

Айта кететіні, 24 сәуірде АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен Қытайға үш күндік сапармен барады. Оның сапарының алдында АҚШ және Қытай шенеуніктердің бірқатар байланыстары, соның ішінде сәуір айының басында екі ел басшыларының телефон арқылы сөйлесуі болды. Соңғы апталарда Вашингтон Қытайды Ресейдің әскери-өнеркәсіптік кешенін қолдап отыр деп айыптай бастады. Блинкеннің Қытайға сапармен барудағы мақсатының бірі – Бейжіңді Мәскеуге материалдық-техникалық көмек көрсетуді тоқтатуға шақыру.

Бұған дейін Қытай Америкадағы бес компанияға санкция салатынын хабарлады.