Жаңалықтар

Теңгенің доллар, еуро, рубльге қатысты бағамы нығайды

Теңге бағамы нығайды / Фото: shutterstock

24 сәуірдегі жағдай бойынша АҚШ валютасының құны 444,32 теңге болып белгіленді. Өткен күнмен салыстырғанда төл валюта бағамы 0,3% немесе 1,34 теңгеге нығайды. Бұл 2023 жылдың 3 тамызынан бергі ең төменгі көрсеткіш, деп хабарлады Бірінші кредиттік бюро.

19 сәуірден бері доллар бағамы тұрақты түрде төмендеп келеді. 22 сәуірде бағам қаңтар айының соңынан бергі ең төменгі деңгейге жетті.

Еуро да қазір арзан – 473,33 теңге, бұл 2023 жылдың 13 наурызынан бері ең төменгі көрсеткіш. 23 сәуір Еуропа валютасы 0,3%-ға, яғни 1,25 теңгеге әлсіреді.

Теңгенің рубльге қатысты бағамы да нығайды. Ресей валютасының 24 сәуірге белгіленген бағамы 4,76 теңге (23 сәуірде -0,4%). Қазіргі деңгей – 2023 жылдың қазан айынан бергі ең төменгі деңгейлердің бірі.

Еске сала кетсек, 19 сәуір сауда-саттықта теңге сәл нығайды. Ұлттық валюта бағамына сауда балансының жақсаруы мен бейрезиденттердің Қазақстанның мемлекеттік бағалы қағаздарына деген сұранысы жағымды әсер еткен. Бұл туралы Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының шолуында жазылған.

Одан бөлек, теңгеге Ұлттық банктің Ұлттық қор валютасын ірі көлемде сатуы да жағымды әсер етіп жатыр. Ұлттық банк наурыз айында Ұлттық қордан 748 млн доллар сатқан болатын. Ал сәуір айында сатылатын валюта көлемін 1-1,1 млрд долларға жеткізуді жоспарлаған. Яғни қордан сатылатын валюта көлемі үштен бір есе артпақ.