27 сәуір ресейлік «Вкусвилл» Алматыда алғашқы дүкенін ашады, деп жазады «Коммерсантъ».
Азық-түлік сату желісінің жаңа дүкенге нақты қанша инвестиция салғаны белгісіз. Бірақ сарапшылар бұл желі Қазақстанда бірқатар кедергіге тап болуы мүмкін деп есептейді. Компания Қазақстанға өз брендімен өнімдерді 2023 жылдың жазынан бастап жеткізе бастады. Қазір республикадағы 125 дүкенде олардың тауары сатылады.
«Қазақстан халқының компания ассортименті мен концепциясына деген қызығушылығын көріп, осында дүкен ашуды ұйғардық», – деп хабарлады сауда желісі ақпарат құралына.
Сонымен қатар желі елде қоймасы мен кеңсесін ашып, кейін одан әрі кеңейтуді жоспарлап отыр.
Компания басшылығы Қазақстандағы дүкенге салған инвестиция көлемін ашып айтпады. Бірақ Infoline-Analytics бас директоры Михаил Бурмистров есептеулері бойынша дүкенге 5-7 миллион рубль салынған. Соған қарамастан Бурмистров бөлшек сауда дүкені Қазақстанда қиындықтарға тап болуы мүмкін деп санайды. Оның бір себебі – елімізде азық-түлік өндірушілердің мүмкіндігі шектеулі. Жаңа дүкенінде желі брендінің үлесі 35%-ды ғана құрайды. Қалғаны қазақстандық өнімдер болмақ.
«Pro.Story» сауда кеңістігін ұйымдастыру қызметінің серіктесі Ирина Болотованың айтуынша, Қазақстан нарығына кірудің тағы бір қиындығы – халықтың Ресеймен салыстырғанда табыс деңгейінің төмендігі. Сонымен қатар азық-түлік сатушысы басқа елге кірген кезде ассортимент матрицасын тұтынушылардың әртүрлі қажеттіліктеріне бейімдеп өзгерту керек және бұл оңай емес екенін атап өтті.
Қазақстандағы шетелдік бөлшек саудагерлердің арасында негізінен эконом сегментіне бағытталған желілер орныққан. Мәселен, 2019 жылы ресейлік Fix Price қазақстандық нарыққа шықты және қазір 200-ден астам дүкені бар. Сондай-ақ Ресейдің «Светофор» және «Доброцен» компаниялары Қазақстанның барлық дерлік аймағында жұмыс істейді.
Ал Ресейдің ең ірі FMCG желісі Қазақстанда жұмыс істей алмады. Оған тиесілі «Пятерочка» супермаркеттер желісі Қазақстанға франчайзинг ретінде 2004 жылы келді. Бірақ 2007 жылы қазақстандық франчайзимен келісімді бұзды. Қазақстандағы ірі шетелдік ритейлерлердің ішінде ең ұзақ жұмыс істегені түріктің Ramstore сауда желісі. Оның супермаркеттері республикада 22 жыл жұмыс істегеннен кейін, 2020 жылы жабылып қалды.
Бөлшек сауда желісінің бенефициары кәсіпкер Андрей Кривенко. Оған жанама түрде «Проект Избенка» арқылы «Вкусвилл» желісінің 65,4475%-ы тиесілі.