Жаңа «Қуатты АӨК» ұлттық жобасын жүзеге асыруға 16 трлн теңгеге жуық қаражат көзделген
Үкімет 2024-2028 жылдарға арналған агроөнеркәсіптік кешенін дамыту жөніндегі «Қуатты АӨК» ұлттық жобасын бекітеді. Бұл жайлы «Ашық НҚА» порталына орналастырылған қаулыда жазылған.
«Ұлттық жобаны іске асыруға жауапты орталық, жергілікті атқарушы органдар мен өзге де ұйымдар ұлттық жобаны іске асыру жөнінде шаралар қабылдасын», – делінген құжатта.
2024-2028 жылдарға арналған агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың «Қуатты АӨК» ұлттық жобасында көзделген шараларды іске асыру арқылы ауыл шаруашылығындағы жалпы өнімінің көлемін 2028 жылы 17 трлн теңгеге дейін ұлғайту көзделген. Осылайша көрсеткіштер екі есеге артпақ. Ал 2023 жылғы көрсеткіш бойынша бұл сома 8,7 трлн теңгені құраған. Бұл номиналды мәнде 2019 жылғы деңгейден 1,7 есе жоғары екен.
Сонымен бірге ауыл шаруашылығы техникасын жылына 8-10%-ға дейін жаңарту, еңбек өнімділігін 2 есе 9,1 млн теңгеге дейін арттыру көзделген.
«Мақсатқа жету үшін барлық агротехнологиялық жұмыстың сақталуын, ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту деңгейін арттыруды және басым инвестициялық жобаларды іске асыруды қамтамасыз ету қажет. Бұл ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігін 2 есеге арттыруға мүмкіндік береді», – делінген құжат түсіндірмесінде.
Бұл, өз кезегінде мал шаруашылығы, қайта өңдеу саласы, АӨК өнімдерінің саудасы, импортты алмастыру сынды мультипликативтік әсер етпек. Осыған байланысты ұлттық жобаны іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарында жеңілдікті кредиттеу және субсидиялау түрінде мемлекеттік қолдау көзделген.
Сонымен бірге жобаны жүзеге асыру арқылы АӨК өнімінің экспортын 2 есеге, яғни 10 млрд долларға ұлғайту жоспарланып отыр. Жоба барысында ауыл шаруашылығына инвестициялар ағыны 3,3 есеге артып, 3,2 трлн теңгеге жетеді.
Осындай іс-шаралар барысында сүт, ет, майлы дақылдар, күріш, жүгері, қарақұмық сынды өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерінің үлесі де арта түспек.
Жоба негізінде отандық өндіріс есебінен импортқа тәуелді азық-түлік тауарлары бойынша өзін-өзі қамтамасыз ету үлесі де артады. Солайша алма – 100%, шұжық өнімдері – 100%, ірімшік және сүзбе – 100%, қант – 83%, құс еті – 100%-ға дейін жетпек.
Жобаға қанша қаражат кетеді?
Ұлттық жобаны іске асыруға 2024 – 2028 жылдар кезеңінде 15 722 947 273 мың теңге бөлу көзделген. Оның ішінде:
- республикалық бюджеттен –9 433 503 691 мың теңге;
- жергілікті бюджеттен –2 464 443 581 мың теңге;
- бюджеттен тыс қаражат –3 825 000 000 мың теңгені құрайды.
Бұдан қайтатын қаражат көлемі 10 460 000 000 теңгені немесе жалпы қаржыландырудың 67%-ын құрамақ.
Қаулы талаптарына сәйкес Ауыл шаруашылығы министрлігі Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік жоспарлау жүйесіне сәйкес ұлттық жобаның орындалу барысы туралы ақпарат беріп тұруға міндеттелген. Сонымен бірге АШМ Ұлттық жобаны үйлестіруді, мониторингтеуді және әдіснамалық сүйемелдеуді қамтамасыз етуі керек.
Аталмыш қаулы қол қойылған күннен бастап қолданысқа енгізіледі.