Қазақстанда 650 мыңнан астам адам үй кезегінде тұр: Бектенов бұл тізімнен талапты бұзғандарды алып тастауды тапсырды

Жарияланды
Бектенов үй кезегінде заңсыз тұрғандарды тізімнен алып тастауды тапсырды / Фото: Үкімет

Қазақстанда 650 мыңнан астам адам үй кезегінде тұр. Бұл жайлы Үкімет отырысында премьер-министр Олжас Бектенов айтты.

Жиында Үкімет басшысы биыл рекордтық 18 млн шаршы метр тұрғын үйді тапсыру міндеті тұрғанын айтты. Сонымен бірге үкімет алдында мемлекет басшысының жаңа ипотекалық бағдарламаны іске қосу туралы тапсырмасын жүзеге асыру міндеті тұрғанын ескертті.

«Біз жаңа тұрғын үй бағдарламаларын іске қосып жатырмыз. Баспанаға деген сұраныс арта түсуде. Қазіргі уақытта 650 мыңнан астам адам үй кезегінде тұр. Өткен жылы мемлекеттік органдарға осы тізімдерді реттеу жұмыстарын жүргізу тапсырылған болатын. Яғни аталған тізімде талаптарға толық сай келетін, баспанаға барынша мұқтаж азаматтар ғана болуға тиіс», – деді премьер-министр.

Үкімет басшысының айтуынша, бұл мәселеге әкімдіктер тиісті көңіл бөлмей отыр. Мысалы, Ақмола облысында баспана кезегінде тұрғандардың ішінде талаптарды бұзған 16 мыңға жуық адам анықталған. Бірақ олардың 9%-ы ғана кезектен шығарылған. Ал Шымкент қаласында осындай 36 мыңнан астам адам анықталған. Олардың да небәрі 10%-ы тізімнен алынып тасталған. Осыған орай Бектенов әкімдіктерге бұл тізімді реттеп шығуды тапсырды.

«Барлық әкімдік осы тізімдерді қайта қарап, жұмысты 1-ші жартыжылдықтың соңына дейін аяқтауы қажет. Бәрі белгіленген ережеге сай болуға тиіс. Кезекке қабылдауды ашық әрі бәріне түсінікті етіп жасау керек. Сондай-ақ тізімге енгізілген адамдарға нақты мониторинг жүргізілуге тиіс»,  – деді премьер-министр.

Үлескерлер мәселесі

Үкімет басшысы сонымен бірге құрылыстың сапасы мен оның заңнамаға сәйкес болуына баса мән беру қажеттігін атап өтті. Айтуынша, бұл мәселеге қатысты тұрғындардан арыз-шағымдар өте көп түседі.

«Сапасыз құрылыс тұрғындардың ғана проблемасы болып қалмауға тиіс. Құрылыс компаниялары өздеріне алған міндеттемені толық орындауға және құрылыстың сапасын қамтамасыз етуге міндетті. Қандай да бір кемшіліктер анықталса, оларды тез арада жойып отыруы керек», – деді Бектенов.

Жалпы елімізде Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің деректері бойынша заңсыз салынып жатқан 340-тан астам тұрғын үй кешені бар екен. Мұны Бектенов әкімдіктердің тарапынан жіберілген кемшілік деп бағалады. Содан кейін бұл мәселені шешуге байланысты бірнеше тапсырма берді.

«Өнеркәсіп министрлігі өңірлермен бірлесіп, 1-ші маусымға дейінгі мерзімде салынып жатқан барлық объектіге құрылыс жұмыстарының заңдылығы мен құжаттарына ревизия жүргізуі қажет», – деді үкімет басшысы.

Сонымен бірге 1-ші мамырдан бастап жаңа ипотекалық бағдарламаның іске қосылуын қамтамасыз етіп, жалдамалы тұрғын үй механизмін іске асыру шаралары басталатынын ескеріп, Өнеркәсіп, Сауда министрліктері Бәсекелестікті қорғау агенттігімен бірге бір ай мерзімде жылжымайтын мүлік және құрылыс материалдары нарығында дүрбелеңге жол бермей, бағаларды ұстап тұру бойынша қажетті шаралар қабылдауды тапсырды.

Еске сала кетсек, өткен жылдың қараша айында Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев тұрғын үй кезегінде тұрған адамдарға қатысты мәліметтерге тоқталып, кезекте тұрған 646 мың азаматтың 232 мыңы тізімнен шығарылатынын мәлімдеді. Айтуынша, 96,1 мың адамда соңғы 5 жылда тұрғын үйі болған, 533 адамның азаматтығы жоқ, 91,4 мың адамның тіркеу орны кезекте тұрған өңірмен сәйкес келмейді, 29 мың адамда мүлде тіркеу жоқ, ал 15,6 мың адам кезегіне жетпей қайтыс болып кеткен.

Алайда министрдің бұл мәлімдемесіне депутат Елнұр Бейсембаев өз уәжін айтты. Ол кезекте тұрған 240 мың адамды тазалай салу оңай болмайтынын айтты. Депутат министр азайтуға тырысып жатқан тізімнің жыл сайын өсіп жатқанын, үймен қамтылған отбасылар санының мардымсыз екенін, бұл салаға қаражат өте аз бөлінетінін айтты.

Сондай-ақ оқыңыз