Жеңіл өнеркәсіпті қолдау: 2023 жылы салаға 50 млрд теңге бөлінген

Жарияланды
жеңіл өнеркәсіпті
Жеңіл өнеркәсіпті дамыту бойынша 2029 жылға дейін арнайы тұжырымдама әзірленген / Фото: kursiv.media

2023 жылы Қазақстанда жеңіл өнеркәсіпті және өңдеу өнеркәсібін дамытуға 50 млрд теңге бөлінген. Бұл жайлы депутаттардың сауалына берген жауабында премьер-министр Олжас Бектенов айтқан.

Депутаттар өз сауалында жеңіл өнеркәсіпке қолдау көрсетіп, 3%-дан аспайтын мөлшерде жеңілдікті кредиттер ұсыну мәселесін көтерген. Үкімет басшысы мемлекеттік шаралар қабылданып жатқанын, бұл саланы қолдау жөніндегі тұжырымдамаға сәйкес салаға 2029 жылға дейін қолдау көрсетілетінін айтқан. Қаржыландыру «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ арқылы бөлінген.

«Өткен жылы бөлінген 50 млрд теңге шеңберінде өңдеу өнеркәсібі жобалары үшін 9%-бен, оның ішінде тек жеңіл өнеркәсіп жобалары үшін 3%-бен бюджет қаражаты көзделді. Механизм шағын және орта кәсіпкерлікті ынталандыруға бағытталған, сонымен бірге орташа және жоғарғы деңгейде қайта өңдеу тауарларын өндіруді жүзеге асыратын және отандық нарықта шикізат сатып алуды жоспарлайтын кәсіпорындарға басымдық беріледі. Үкімет «Бизнестің жол картасы» және «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламаларының құралдарын біріктіру жолымен шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау мен дамытудың кешенді тәсілдерін әзірледі. Жаңа тәсілдер шағын және орта кәсіпкерлік жобаларын нарықтық жағдайларға кезең-кезеңімен көшумен субсидиялаудың сараланған әдісін көздейді», – дейді премьер-министр.

Бұл қаражатты кәсіп иелері алғашқы 3 жыл субсидиялауды ескере отырып, ең жоғары жеңілдікті 8% мөлшерлеме бойынша, 4 жылға – 9%, 5 жылға – 10% мөлшерлеме бойынша алады.

Сонымен бірге депутаттар отандық шұлық-ұйық өндірушілерді қосылған құн салығынан босатуды сұраған. Алайда премьер-министр отандық шұлық-ұйық өндірушілерді ішкі нарықта өнімді сату кезінде ҚҚС-тан босату мәселесі қарастырылмайтынын айтқан. Оған себеп Салық кодексінде отандық инвесторларды өңдеуші өнеркәсіптің жаңа жобаларын іске асырудың алғашқы үш жылына арналған салықтар мен бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерден босатуды көздейтін тәсілдер қарастырылған.

Одан бөлек жеңіл өнеркәсіп өндірушілеріне мемлекеттен субсидия қарастырылатынын айтқан. Мемлекеттік қолдаудың қаржылық шаралары бағдарламасы шеңберінде шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері үшін қолдау шаралары, оның ішінде сыйақы мөлшерлемесінің бір бөлігін субсидиялау және екінші деңгейдегі банктердің кредиттері бойынша кепілдік беру арқылы қолдау шаралары көзделген.

«Бағдарлама өз жобаларын экономиканың басым секторларында, сондай-ақ
моноқалаларда, шағын қалаларда және ауылдық елді мекендерде салалық
шектеулерсіз іске асыратын кәсіпкерлерге арналған. Кредиттер бойынша сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау бөлігінде кәсіпкерлерге жылдық 8%, әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілері, батыс және оңтүстік өңірлер үшін – жылдық 7% мөлшерлеме бойынша кредиттер беріледі. Бір кәсіпкер 3 млрд теңгеге дейін несие ала алады»,- дейді Бектенов.

Сондай-ақ оқыңыз