Жаңалықтар

Үш күннен бері Алматы облысындағы «Іле-Балқаш» мемлекеттік табиғи резерватында тұтанған өрт сөндіріліп жатыр

«Іле-Балқаш» мемлекеттік табиғи резерватындағы өрт сөндірілуде/ https://t.me/qr_tjm

Алматы облысының Балқаш ауданындағы «Іле-Балқаш» мемлекеттік табиғи резерватындағы өртті сөндіру жұмысы жалғасуда. 21 сәуірден бастап резерват аумағындағы құрғақ шөп пен қамыс өртенген. Өрт аумағы шамамен 18 гектар алқапты қамтыған.

ҚР Төтенше жағдай министрлігі елдімекендерге қауіп төнбегенін хабарлады.
«Қазавиақұтқару» АҚ-ның тікұшағымен өрт ошақтарына әуеден 65 рет жалпы көлемі 195 тонна су төгілді.

Орман шаруашылығының қызметкерлері мен өрт сөндірушілерді күшті жанып жатқан учаскелерге алып бару қиындаған. Авиациялық техника күшін пайдалану оңай болмай жатыр. Төтеншеліктердің осы қиындықтарды жеңе отырып, жедел қабылдаған шаралары нәтижесінде жекелеген өрт ошақтары сөндіріліп, жақын маңдағы шаруа қожалығы өрт апатынан аман қалды.

«Шымтезек, жетуі қиын, батпақты жерлер және үнемі өзгеріп отыратын қатты желдің болуы өрт ошақтарын сөндіру жұмыстарын қиындатуда. Өрт ошақтарын сөндіру жұмыстары жалғасуда.
Алматы облысы ТЖД бастығы Асқар Тойшыбеков өрт оқиғасы орнында.
Өртті сөндіруге ТЖД, жергілікті атқарушы органдардың күштері мен құралдары, жергілікті тұрғындар жұмылдырылып, сондай-ақ ұшқышсыз ұшу аппараты қолданылуда», – деп хабарлады аталған министрлік.

«Іле-Балқаш» мемлекеттік табиғи резерваты Қазақстан Республикасы Алматы облысы Балқаш ауданының аумағында орналасқан. Резерват аумағы өте маңызды табиғи кешен болып есептелінеді. Мұнда «Балқаш маңы» және «Іле өзенінің сағасы» атты екі маңызды учаске бар.

2023 жылы шілде айында «Іле-Балқаш» резерватындағы қамыс өрті сөндірілді. Өрт 6200 гектарға жайылған.