«Қазақстан халқына» қоры есебінен Батыс Қазақстан облысында 114 үй салынады
«Қазақстан халқына» қоғамдық қоры және БҚО әкімдігі Сырым ауданында су тасқынынан зардап шеккен отбасылар үшін тұрғын үйлер салу туралы меморандумға қол қойды.
Меморандум аясында облыста қордың қаржы ресурстары есебінен жергілікті атқарушы органдар ұсынған үлгілік жоба негізінде 114 тұрғын үй салынады. Аудан орталығы – Жымпиты ауылында 49 баспана тұрғызылады. Сырымдағы басқа ауылдар – Бұлдыртыда 25, Өлеңтіде 38 үй және Жетікөл мен Жаңақоныста бір-бір үйден салынады. Облыс әкімдігі су баспайтын аумақтан жер учаскелерін белгіледі.
«Біздің жеріміз, халқымыз табиғи апатқа тап болды, оның салдары, әрине, өте қайғылы. Бірақ, біз ортақ күш-жігерімізбен қысқа мерзімде жаңа үйлер құрылысын бастап, оларды толықтай бітіріп, қиыншылыққа тап болған отандастарымызға көмектесе аламыз деп үміттенеміз. Қор бұған қамқоршылық кеңестің шешімі бойынша 10 млрд теңгені, сондай-ақ қамқоршыл қазақстандықтар мен бизнес өкілдері жіберіп отырған қаражатты қосымша жолдап отыр», — деді «Қазақстан халқына» ҚҚ төрағасының орынбасары Ләззат Шыңғысбаева.
Жақын уақытта Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Ақтөбе және Ақмола облыстарында үй құрылысы жүргізілетін елдімекендер анықталып, тиісті меморандумдарға қол қойылмақ.
Сәуір айы бойы қордың атына түскен барлық ақшалай қаражат төтенше жағдайдың салдарын жоюға және ауылдық жерлерде тұрғын үйлер салуға бағытталады. Қор өзінің ресми сайтында донорлар мен аталған сомалардың мөлшері туралы есепті орналастырады.
Бүгінгі таңда қордың шоттарына 2,9 млрд теңге сомасына қайырымдылық жарна түсті. Қор сәуір айының соңына дейін қайырымдылық қаражаты есебінен салынатын үйлердің саны артады деп үміттенеді.
Су тасқыны салдарынан қираған баспаналар тендерсіз салынады. Төтенше жағдай орын алған өңірлердің әкімдіктері үй салу үшін құрылыс компанияларымен тікелей келісімшартқа отырады.
Осындай кезде саяжай тұрғындарының да жағдайы ескеріледі. Егер саяжай аумағында тұрған үй олардың жалғыз баспанасы болса, оны да қалпына келтіру тетігі қарастырылған. Мүлік иелігін растайтын құжаттар сақталмаған жағдайда да тұрғындарды мемлекет баспанамен қамтамасыз етпек.