АҚШ Сенаты Украина, Израиль мен Үнді-Тынық мұхиты аймағындағы одақтастарына қосымша қаржылық көмек көрсету туралы заң жобаларын мақұлдады. Соның ішінде Украинаға көмек көрсету туралы заң жобасында Киевке шамамен 61 млрд доллар бөлу қарастырылған. Құжатқа сәйкес, Киевке көмек енді тегін емес, несиеге беріледі.
Reuters агенттігінің жазуынша, заң жобаларын бұған дейін АҚШ конгресінің Өкілдер палатасы мақұлдаған. Конгрестегі 79 сенатор бұл бастамаларды қолдаса, 18-і қарсы болды.
Заң топтамасында Ресей, Қытай, Иранға қарсы жаңа санкциялар енгізу, соның ішінде тәркіленген ресейлік активтерді Киевке беру және қытайлық жеке ByteDance компаниясына тиесілі TikTok әлеуметтік желісін бұғаттау мүмкіндігін қарастыратын заң жобасы да бар.
Украинаға көмек беру мәселесі 2023 жылдың қарашасынан бері талқыланып келеді. Бұл көмек Ресеймен соғыста үлкен қолдау болғалы тұр. Украинаға бөлінетін қаржының бәрі қару-жараққа жұмсалмайды. АҚШ-тың әскери арсеналдарын толықтыруға 20 миллиард доллардан астам қаржы қарастырылған. Ақшаның тағы бір бөлігі АҚШ әскерилерінің Украина маңындағы қызметін қаржыландыруға жұмсалады. Украинаның қару сатып алуына шамамен 14 миллиард доллар жұмсалады.
Сонымен қатар сенаторлар Израильге 26,4 миллиард долларға жуық қосымша әскери көмек бөлу туралы ұсынысты қолдаған. Бөлінген қаржының 9,1 миллиард доллары гуманитарлық көмек ретінде бағытталады.
Үнді-Тынық мұхиты аймағындағы АҚШ одақтастарына да көмек көрсетіледі. Атап айтқанда, 8,1 миллиард доллар «Қытайға қарсы тұруға», тағы 2 миллиард доллар Тайвань мен басқа одақтастарына беріледі.
Енді құжаттарға Америка президенті Джо Байден қол қоюы керек.
Наурызда АҚШ Украинаға көмек ретінде 300 млн долларлық қару-жарақ пакетін бекіткен. Бұл биыл көрсетілетін алғашқы ірі көмек болды. Осыған дейін Вашингтонның Киевке көмегін Конгресстегі республикалық партия өкілдері бұғаттап келген.
Республикалықтардың Украинаға көмекке қарсылығы
2023 жылы қарашада президент Джо Байден Израиль мен Украинаға көмекке, Тынық мұхиты аумағында Қытаймен бәсекелестікке және АҚШ-Мексика шекарасында қауіпсіздікті сақтау үшін қосымша көмекті 106 миллиард деп белгілеуді өтінген болатын.
Алайда Өкілдер палатасына жаңа спикер Майк Джонсон келгелі ұсынылған алғашқы заң жобасы тек Израильге қосымша қаржылай көмек көрсету туралы болған.
«Бұл заң жобасы Израиль үшін де, Таяу Шығыс аймағын үшін де және АҚШ ұлттық қауіпсіздігі үшін де зиянды», – деп хабарлаған еді Ақ үй.
Кейінірек АҚШ Мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен Өңірлер палатасының жаңа спикері Майк Джонсонмен Сенатта кездескен. Сенаттағы кездесуде қорғаныс министрі Ллойд Остин де болған. Ол Украина Ресей басқыншыларымен күресу үшін АҚШ қолдауына зәру екенін айтқан.