Өнеркәсіп министрлігі су тасқынынан зардап шеккен аудандарда үйлер салуға байланысты кәсіпорындарға арматура өндірісін ұлғайтуды, ал Бәсекелестік қадағалау агенттігіне құрылыс материалдары бағасының өсуін тежеуді тапсырды.
Су тасқынынан зардап шеккен нысандарды қалпына келтірудегі қажетті арматураның бағасы қадағалауда болады. 2024 жылдың 23 сәуірінде Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі мен Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі және еліміздің арматура шығаратын кәсіпорын басшылары өзара келісімге келген.
«Екі тарап арасындағы жиналыста су тасқынынан зардап шеккен нысандарды қалпына келтіру жұмыстарына отандық кәсіпорындардың өнімдерін пайдалану бойынша мәселе көтеріліп, кәсіпорындардың өнім түрінің сапасы мен көлемін арттыруды тапсырды және елде орын алған жағдайға байланысты баға саясатын тұрақты ұстап тұру бойынша баса айтылды», – делінген министрлік хабарламасында.
Айта кетейік, қазір Қазақстанда арматура шығаратын 8 кәсіпорын жұмыс жасайды. Кәсіпорындардың жалпы жылдық қуаттылығы – 1 932 мың тонна. 2023 жылы жалпы 924 мың тонна арматура өндірілген.
2023 жылы арматура экспорты 285 мың тоннаны, импорт – 738 мың тоннаны құрады. Құрылыс арматурасының ішкі нарығының көлемі 1 377 мың тоннаға бағаланады.
Су тасқыны салдарынан қираған баспаналар тендерсіз салынады. Төтенше жағдай орын алған өңірлердің әкімдіктері үй салу үшін құрылыс компанияларымен тікелей келісімшартқа отырады.
Осындай кезде саяжай тұрғындарының да жағдайы ескеріледі. Егер саяжай аумағында тұрған үй олардың жалғыз баспанасы болса, оны да қалпына келтіру тетігі қарастырылған. Мүлік иелігін растайтын құжаттар сақталмаған жағдайда да тұрғындарды мемлекет баспанамен қамтамасыз етпек.